Түркістан облысы Жамбыл ауылында мұнара құлап, жұрт ауыз сусыз қалды

Мақтааралдық тұрғындар сапасыз су ішуге мәжбүр. Жамбыл ауылындағы ауыз су мұнарасы желтоқсан айында құлап, сүзгісі істен шыққан. Ауыл тұрғындары әбден тозығы жеткен құбырлар қатты қысымға шыдамай, жарыла беретінін айтады. Қазір жерасты суы тұрғындарға тазартылмай беріліп жатыр.

- Ағып жатқан судың бәрі мусор, тапқан ыдысымызды толтырамыз. Іші мынандай болады, ыдыстарымыздың барлығы. 

Жамбыл ауылының тұрғыны Нүрипа Тұрдалиева краннан аққан суды тұндырмаса, ішуге жарамайтынын айтады. Түсі сарғыш тартып, шелектің түбіне қоқым толып қалады. Басқа су болмағандықтан әбден сүзгіден өткізіп ішуге мәжбүр.

Нүрипа Тұрдалиева, Жамбыл ауылының тұрғыны:

- Ішіп жатқан суымыздың бәрі сары су. Қалаған уақытында өшіріп қояды, қалаған уақытында қоса салады. Судың напоры жоқ. Сенбесеңіздер мына шыққан суды сүзіп құйып жатырмын, түбінен шыққан матадағы мусорды көріңіздер. Міне.

Арман Әйменов Үлгілі ауылының тұрғыны: 

- Құрт шығады ішінен, сары су. Қоқым шығады ішінен, құм шығады. Соны ішіп отыр бір ауылдың адамдары. Ащы су, кешке жақын өшіріп қояды. Ішінде қалған қоқым су, ертеңіне азанда қайтып ағады.

800-ге тарта тұрғыны бар ауылды ауыз сумен қамту үшін 2014 жылы елді мекеннен су мұнарасы салынған. Алайда арада жеті жыл өтпей жатып, мұнара құлап қалды. Содан бері ауылдағы 140 үйдің күні сапасыз суға қарап қалған. Оның өзі аз ғана уақытқа беріледі. Тіршілік нәрі таза болмағандықтан бүйрегі ауырып, өтін алдырғандар көбейген.

Суға жауаптылардың айтуынша, мұнара болмаған соң құбырлар қысымды көтере алмай әр жерден жарылған. Сондықтан суды жинақтап, тәуліктің жартысында ғана беретіндерін айтады.

Әзімхан Уәлиев, су тарату қызметінің меңгерушісі:

- Халыққа срочно су беру керек болған соң тікелей жалғап қойғанбыз Жамбыл ауылына. Ол тікелей жалғанғаннан кейін жердің астынан шыққан құмы бар, басқа нәрселері бар прямой кетіп жатыр халыққа. Фильтр жоқ онда, салынбаған.

Жамбылдықтардың сүзгісіз су ішіп, тіршілік нәрінен тарығып отырғанын жергілікті билік жақсы біледі. Бірақ осы уақытқа дейін мәселені шешуге тырыспаған. Сапасыз салынған мұнараға қанша қаржы жұмсалғанын да білмейді. Әбден сасқан аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлмінің сектор меңгерушісі құлаған мұнараның орнына жаңасын тұрғыза саламыз деп ақталды. 

Ғұламжан Егембердиев, Мақтаарал аудандық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі: 

- Қазіргі таңда бюджеттен қаражат бөлінді. Мердігер мекеме анықталды. Мамыр айының 15-іне дейін орнатып, толық сапалы ауыз сумен қамтамасыз етеміз.

«Судың құрамы 7 жыл бұрын да сапасыз болған» дейді жергілікті халық. Оны да аудан басшылығына айта-айта әбден шаршаған. 

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы