Аршалы маңындағы зауыттар экологиялық талаптарды өрескел бұзған

Ауыл ақ шаңнан көрінбейді. Дем алудың өзі мұң. Ақмола облысындағы Аршалы ауылының тұрғындары дабыл қағуда, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елді мекен маңындағы зауыттар экологиялық талаптарды өрескел бұзып, жергілікті жұрттың тынысын тарылтқан. Салдарынан аймақта онкологиялық аурулар саны күрт артыпты.

Аслан Қажен, тілші:

- Сәл күн жылып, жер кепсе болды ауылдың аспаны осындай шаңға оранады. «Оның қалыңдығы соншалық, кей кезде 10, тіпті 5 метрдегі нәрсені де көре алмай қаласың», - дейді жергілікті тұрғындар.

Өкініштісі сол, бұл жағдайдың қайталанып келе жатқанына бірнеше жыл болды.

Зауыт қожайындары жұрттың жанайқайын пысқырып отырған жоқ. Керісінше, көбірек табыс табу үшін карерьлер санын одан сайын арттырып жатыр. Пайдаланып болғаннан кейін қалдықтарын ашық-шашық қалдырып кетеді. Салдарынан ауылда қатерлі ісікке шалдыққындар саны күрт артқан.

Елена Виноградова, жергілікті тұрғын:

- Онкологиялық ауруларға қатысты статистиканы арнайы сұраттық. Оған сәйкес, 2012 жылы 100 мың адамға шаққанда көрсеткіш 148-ге тең болса, 2019 жылы ол 236-ға дейін өскен. Қазір тіпті тереземізді ашуға да қорқамыз. Ал, далаға респиратор киіп шығатындай деңгейге жеттік.

Құзырлы мекемелер болса, бұл жағдайға көз жұмып отыр. «Тексеріс жұмыстары үстіртін жүргізіледі, жоғары жаққа бәрі керемет деген есеп жіберіледі», - дейді жергілікті жұрт. Тіпті олар прокуратураға да арызданып көрген. Бірақ тұшымды жауап ала алмапты.

Олег Шубенок, заңгер:

- Кез келген кен орнын берерде қоғам пікірі ескерілуі керек. Бұл заңда қарастырылған. Мәселен, біз ауыл маңындағы Қоңыр Адыр шатқалын қазып, табиғи оазисімізді бүлдіруге қарсымыз. Бірақ оны ешкім ескеріп отырған жоқ. «Жергілікті жұрт қарсы емес» деген өтірік құжат жасап алған. Ол жиынның қайда және қашан өткенін де білмейміз. Осы және өзге де деректерге қатысты аудандық прокуратураға арыз жазғанбыз. Олар облыстық әкімдікке жолдады. Ал, ол жақтан «бәрі дұрыс, бәрі кермет» деген мағынадағы жауап келді.

Иә, Аршалының айналасында 40-тан аса қазылып жатқан кен орны бар. Енді жұрт жабылып, жоқ дегенде мына бір табиғи аумақты сақтап қалғысы келеді. Қалай екенін қайдам, ол да жекенің игілігіне өтіп кеткен.

Ғабдолла Ахметжанов, Аршалы ауылының әкімі:

- Мәселе заңда. Жоғарыда отырған оны біледі. Жергілікті жердің жағдайын білмейді. Барлығын қарап, сосын шешім шығару керек. Біз өзіміз равнинада тұрып жатырмыз. Бізде осы ғана бар. Енді сол үшін халық көтерілді. Бермейміз деп. Жоғарыға жеткізіңіз.

Ал, облыс орталығынан келген эколог «бизнесті беталды тексере алмаймыз», дейді. Нақты шағым керек екен. Жұрт болса «талай шағымдандық» дейді. Қысқасы, Аршалы ауылының экологиясын қатысты мәселе енді облыстық департамент жіті назарына алатын болды.

Қуат Балғабекұлы, Ақмола облысы мемлекеттік экологиялық инспекторы:

- Бұл шаруаны өз көзіммен көздім. Видеоны да көрдім. Тыныс алу мүмкін емес. Халықтың шағымын тыңдадым. Енді қолға аламыз. Қазір хат жазамыз. Тапсырма береміз. Соны сақтауды және де бұзбауды. Шаңды нормативтен тыс қолданбауды.

Экологтардық белсенділігі мәселені түбегейлі шешпейтіні анық. «Оны республикалық деңгейде көтеріп, тіпті, заңға өзгеріс енгізуден бастау керек», - дейді мамандар. Әйтпесе, экономикалық көрсеткіштер жақсартамыз деп экологияға орны толмас зиян келтіру жағдайлары осылай жалғаса береді.

Авторлары: Аслан Қаженов, Ербол Дайыров