Павлодар облысында вакциналау қарқыны артты

Ертіс өңірінде COVID-19-ға қарсы вакцина халық көп жүретін орындарда салынып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шалғай ауылдардың тұрғындарын медициналық тексеруден өткізетін жылжымалы кешендер облыс орталығына жеткізілді. Халықты вакцинамен кең көлемде қамту үшін осындай шешім қабылданған. Орталыққа жеткізілген бес медициналық кешеннің біреуі Орталық жағалауға орналасқан.

Орталық жағалауда серуендеп жүрген адамдар баршылық. Әдетте қала халқы бұл жерге таза ауамен тыныстап, табиғаттың әсем көрінісін тамашалауға келеді. Бүгін олар көшпелі медициналық кешенге кезекке тұрды. Дәрігерлер COVID-19-ға қарсы «Спутник V» вакцинасын салып жатыр. Осыдан екі күн бұрын дәл осындай жұмыс Темір жол вокзалының маңында ұйымдастырылған еді. Вакцина алып шыққан адамдарды сөзге тартсақ.

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

- Дәрігерлердің алдында кем дегенде 450 мың адамды иммундау межесі тұр. Бұл шамамен шамамен аймақ тұрғындарының 60%-і. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, халықты вакциналау көрсеткіші 5%-ке өскен. Бұл сандар күн сайын өзгеру үстінде. Мәселен коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинаның бірінші компонентін 34 мың адам алып үлгерді. Екінші компоненті шамамен 10 мың адамға салынды. Әзірге тұрғындарға ресейлік «Спутник V» вакцинасы салынып жатыр. Павлодарға отандық вакцина «Qazvac»-тың алғашқы легі келді.

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

- Қала тұрғындарын жаппай иммундау мақсатында қазір облыс орталығында бес бірдей көшпелі медициналық кешен жұмыс істеп жатыр. Павлодар облысы «Спутник V»-дің 21 мың мөлшерін алды. Алдағы уақытта тағы осыншама вакцина мөлшері келеді деген ақпарат бар. Тек ресейлік емес елімізде шығарылған «Qazvac» вакцинасы алынады. Жалпы вакцина жасатуға  тұрғындар тарапынан белсенділік байқалады. Қатаң карантиндік талапта өмір сүру халыққа оңай емес. Вакцина індеттен құтылып қалыпты өмірге қайта оралу үшін де маңызды екеніне олар көз жеткізген сыңайлы.