Ертіс өңірінде дәстүрлі навигацияға дайындық қызу

Ертіс өңірінде навигацияға дайындық қызу, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірнеше күннен кейін су жолдары ашылып, жүк тасымалы жанданады. Жыл сайын аймақтан 900 мың тоннаға жуық жүк тасымалдайды. Ішкі және сыртқы нарыққа техникалық тұз, құм, қиыршықтас пен көмір жеткізіледі. Қазіргі уақытта порттың техникалық базасы сақадай сай. Маман тапшылығы да болмайды. Еліміздегі жалғыз өзен портының дайындығымен әріптестеріміз танысып қайтты.

18 жастағы Андрей Савурин – Семейде колледждің бірінші курс студенті. Бұл жас матрос үшін алғашқы навигация. Курстастарымен бірге жергілікті өзен портына тәжірибе алуға келген. Жастардың барлығы еңбек жолын осы порттан бастауды жоспарлаған. Әр жас маман келешекте теңізге шығып, кеме тізгіндегенді армандайды.

Андрей Савурин, матрос:

- Тәжірибеден өтудің өзі оңай іс емес. Бірақ жас маман үшін қажет дүние. Өмірімді флотпен байланыстырғым келеді. Бұған дейін техникаларымызды қамдап, дайындап қойдық. Болашақта осы салада жұмыс істемекпін.

Владимир Беккер, матрос:

- Өзен портында жұмыс істеу ыждахаттылық пен жауапкершілікті талап етеді. Ең бастысы, жаныма жақын іс. Осындағы аға буын өкілдерінен тәлім алып, кәсіби маман атанғым келеді.

Өзен портының флотында 60-тан астам маман еңбек етеді. Олардың қатары жыл сайын толығуда. Қыс кезінде өзеншілер навигацияға қажет техниканы сайлап қойған.

Виталий Крупейнич, флоттың учаске бастығы:

- Қазіргі уақытта үш жүзгіш кран мен үш баржа дайын тұр. Навигацияны сәтті өткізу үшін кадрлық әлеуетіміз де дайын. Өткен аптада Семейден үш маман келді. Болашақта осында тұрақтап қалмақ. Жатақханамен де қамтимыз.

Облыс аумағындағы өзен-көлдерде уылдырық шашу кезеңі жүріп жатыр. Әзірге құрылысқа қажет құм ішкі нарыққа жеткізіліп жатыр. Кезең аяқталған соң өзен арқылы Ресейге алғашқы су көліктері жүре бастайды. Өткен жылы пандемия салдарынан жүк тасымалы біршама азайған. Көрші елге су арқылы 500 мың тоннадан астам инертті материалдар жеткізілген. Ал осы жылы отандық және шетелдік серіктес-компаниялармен 900 мың тонна шикізат апаруға келісімшарттар жасалған.

Төлеген Күлжан, Павлодар өзен порты басқарма төрағасының орынбасары:

- Пандемия уақытынды өзіміздің жұмыстарымызды өткізіп, осылай жүргізуге біз үйреніп келеміз. Енді 900 мың деп айтып жатырмыз, көреміз. Навигациялық жұмыстарды жақсы өткіздік. Кемелерді, порталдық крандарды, барлығын ремонттап, баржаларымызды түгел капиталдық ремонттан өткіздік. 134-150 мыңға дейін сақтау орындарын тіркеп, сақтау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.

Өзен порты кеме жүзу маусымында 1 млн тонна құм қазуға қауқарлы. Бұл бағытта үлкен жоспарлар бар. Сонымен қатар құрылыс материалдарының өндірісіне басымдық берілмек. Пескоблок, тауарлы бетон шығарылмақ. Себебі, ішкі және сыртқы нарықта сұраныс жоғары.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Жеңіс Темірболат