«100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздары таныстырылды

«100 жаңа есімнің» жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жобаға қатысу үшін 3 мың адамнан өтініш түскен. 3 мыңнан 30 азамат халықтың басым даусына ие болып, көп арасынан дара шықты. Жеңімпаздарды бүгін Мемлекет басшысы құттықтады. Сонымен байқауда жүзден жүйрік шығып, топ жарғандар кім?

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

- «Сайдың тасындай іріктелген» деген тіркесті осы азаматтарға қарата айтсақ жарасады. Асыра айтқанымыз емес, шындығы сол. Бұл отырғандар кіл мықты. Мәселен Дамир Нұкежановқа қараңызшы. Жиырмадан енді асқан. Жас та болса робототехника мектебінің негізін қалаған. Заманның талабы болып тұрған жасанды интеллектің жасалуын жетік біледі. Көзі жанып тұрған, талабы таудай Дамир Президенттің алдында бүгін көсіле сөйлеп, қазақ жастарының тау қопарардай әлеуеті барын айтты.

Жаңа технологияның тағы бір жүйрігі – Санжар Тайжан. Аты алты құрлыққа тараған атақты Илон Масктың байқауында топ жарған зерек азамат.

Ал, Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы, Көктал елді мекенінің азаматы Ахат Рақышев туған ауылына қараластарымен бірге көпір салып берген. Қазақты, қазақтың тілін сонау АҚШ-та танытып жүрген азамат. Америкада радио ашқан.

100 жаңа есімнің тағы бір жеңімпазы – Дулат Тастекеев. Кәсіпкер. Өзіме емес, өзеге болса дейтін атымтай азамат. Шығыс аймақта жол салған. Талай жанға қолдау көрсетіп келеді. Жыл сайын дарынды жастарға беретін арнайы стипендиясы бар. Ал, биыл Семейде талай жылдан бері тұрған мешіттің құрылысын аяқтап берді.

Хош. Енді елдің елеулісі болған азаматтарды жалпақ жұртқа таныстыратын жоба жайында айтсақ. «100 жаңа есім» алғаш рет 2017 жылы ұйымдастырылды. Содан бері байқауға 7,5 мың адам қатысқан. Биыл 3 мыңдай азаматтан 7 бағыт бойынша өтініш қабылданды. Атап айтсақ, білім, мәдениет және спорт, медицина, ғылым және инновация, қоғам, бизнес, экология. Ұзын ырғасы 871 мың адам дауыс берген. Соңында қазылар алқасы шешімімен 3 мың қатысушыдан 30-ы байқаудың жеңімпазы атанды. Жалпы...

Бүгінде шетелдерде алпауыт компанияларда абыройлы еңбек етіп жүрген жерлестеріміз көп. Қазақтың қандай халық екенін жер жүзіне танытып жүрген сондай азаматтар осы байқауға қатысып, жеңімпмаз болды. Енді соларды дәріптеуіміз керек.

Елді алға жетелейтін де осындай талапты азаматтар. Тәуелсіздік жылдарында туып, жетілген буынның қарып-қабілетін Президент «жоғары бағалаймын» деді.

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

- Жобалар нақты жүзеге асып, өміршең болуы үшін орталық мемлекеттік органдардың басшылары «100 жаңа есімнің» жеңімпаздарымен кездесіп отыруы тиіс. Ешқандай кедергі болмауы керек. Сөз соңында Президент осыны тапсырды. Және «бізге табысты азаматтар керек» деді. Себебі табысты азаматтар еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттырады. «100 жаңа есім» жобасының мақсаты да осы.

Авторлары: Қорған Қонысбайұлы, Диас Қобыланбаев, ПТРК