Алматыда құтқару қызметінің көлігі жер астына түсіп кетті

Алматы орталығында жер опырылып, құтқару қызметінің көлігі түсіп кетті. Оқиға Назарбаев 124 мекенжайында болған, деп хабарлады Tengrinews.kz.

Оқиға болған жерде түсірілген суреттер Instagram әлуметтік желісінде пайда болды. Кадрлардан арнайы техниканың артқы жағы жер астына түсіп кеткенін көруге болады.

Құтқару қызметінің мәліметі бойынша, 30 сәуірде 109 экипажы Назарбаев даңғылы 124 мекенжайындағы үй балконы мен қалқанына қауіп тудыратын бұтақтарды кесу үшін шақырту алған.

«Шақырту орнына жеткенде 109 Қызмет көрсету бөліміне тиесілі авто-гидравликалық көтергіштің оң жақ артқы дөңгелегі жер астына түсіп кетті. Ол жер жазда субұрқақ ретінде пайдаланылған. Оған қарамастан, автокөлік шұңқырдан шығарылып, құтқарушылар экипажы апат жағдайын тудырған бұтақтарды кесу жұмыстарын аяқтады», - деді ведомство баспасөз қызметі өкілдері.

Оқиға болған жерге полиция қызметкерлері мен Алматы қаласы Жасыл экономика басқармасының мамандары шақырылған.