429,33 519.25 5.73
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Талғарда жер телімдерін заңсыз сатты деп айыпталған қызметкерлер кінәларын толық мойындады

  • 89
  • UPD: 21:34, 30.04.2021

Алматы облысы Талғар ауданында жер телімдерін заңсыз сатып, мемлекет меншігін талан-таражға салды деп айыпталған аудан әкімдігінің бұрынғы қызметкерлері кінәларын толық мойындады.

Оларға алаяқтық жасау, қызмет бабын асыра пайдалану, мемлекет мүлкін заңсыз иемдену сынды бірнеше баб бойынша айып тағылды. Прокурор айыпталушыларды бас бостандығынан айыруды сұрады.

Талғар ауданында жерді заңсыз сатумен айналысқан әкімдіктің бұрынғы қызметкерлеріне қатысты іс бір жарым жылдан бері жүріп келеді. 2019 жылы желтоқсанда Алматы әуежайының маңында Bek Air ұшағының апатынан кейін әуежайға жақын орналасқан жер телімдерінің заңдылығы тексерілген еді. Тергеу барысында 5 шенеунік пен 1 риэлтор күдікке ілінген болатын. Бірнеше рет кейінге шегеріліп, бүгін қайта жалғасқан сот процесінде тараптар арасында жарыссөз болды. Прокурор айыпталушыларды 4 жылдан 6 жылға дейін бас бостандықтарынан айыруды сұрады.

Дамир Дарханбаев, прокурор:

– Тұрысбеков Рустам мен Қайрат Алтынбекұлын Қылмыстық кодекстің 380-бабы 4-2 тармақтары бойынша кінәлі деп танып, 6 жылға бас бостандықтарынан айыруды сұраймын.

Істі болғандар сотқа дейін Талғар аудандық жер қатынастары бөлімі мен Жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығы секілді бірнеше мемлекеттік мекемеде қызмет еткен. Айыпталушылардың адвокаттары олардың мемлекетке келтірген шығынды толық өтегендіктерін, отбасында кәмелет жасына толмаған балаларының бар екенін алға тартып, оларды түрмеге тоғытпай, жазаларын шартты түрге ауыстыруды сұрады.

Дамир Жаңабеков, адвокат:

– Тұрысбеков тағылған айыптардың бәрін мойындады. Кінәлі іс жасағанына өкінетіндігін айтты. Ал әуежайдың жанындағы жер учаскелерінде құрылыс жүргізу рұқсатын бұл мекемелер бермеген. Сотқа шақырту алған сол учаскелердің иелерінің ешбірі алдандым деп шағымданған жоқ.

Жауапқа тартылып, қамауға алынған риэлтор Нұрайым Алданыш тағылған айыптармен келіспейтіндігін айтты. Келесі сот отырысы 5 мамырда өтетін болды. Қылмыстық іс бойынша үкім сол күні шығуы мүмкін.

Алмас Садуақас, Нұрдәулет Жақсыбаев

Хабар 24 телеарнасы