Қызылорда облысында екі адамнан Конго-қырым безгегі анықталды

Қызылорда облысында екі адамнан Конго-қырым геморрагиялық қызбасы анықталды.

Мал бағумен айналысатын Шиелі ауданының тұрғындары кене шаққаннан кейін дереу дәрігерге жүгінбей бірнеше күн өздігінен емделген. Ағзалары әбден әлсіреген соң ғана медициналық бригада шақырған. Қазір малшылардың жағдайы қалыпты, өмірлеріне қауіп жоқ. Қазір өңірде эпидемиологиялық қолайсыз 113 елді мекен есепке алынды, залалсыздандыру жұмыстары басталды.

Биыл кенелердің белсенділігі ерте басталды. Мамандар мұны аймақта күн ерте жылынуымен байланыстырып отыр. Табиғи ошақтарға зоологиялық барлау жұмыстарын жүргізген 3 арнайы жұмысшы тобы 1706 сынаманың 69-ы оң нәтиже көрсеткенін айтады. Яғни кенелердің зақымдалу көрсеткіші өткен эпидмаусыммен салыстырғанда бірнеше есеге артып отыр.

Әлия Әбдіқайымова, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

– Былтырғы жылы кенелердің зақымдалу көрсеткіші 1,7% құраған болса, биыл бұл көрсеткіш 5,4% құрап отыр. Бұл өте жоғары деген сөз. Яғни кене шаққан жағдайда ауруға шалдығу ықтималдығы сәйкесінше артады деген сөз. 

Сәуірдің ортасынан басталған залалсыздандыру жұмыстарының қазір алғашқы кезеңі аяқталды. Бекітілген кестеге сәйкес дезинфекциялау 14 маусымға дейін жалғасады. Қолайсыз елді мекендерде санитариялық-қорғаныш аймақтарын құру үшін кенеге қарсы өңдеу шараларына 160 миллион теңгедей қаржы жұмсалады.

Мырзабек Қабделов, дезинструктор:

– Жаңақорған ауданындағы қолайсыз елді мекендердің 60-65% дезинфекция жүргізіп болдық. Шиелі ауданы бойынша 16 ауылға дизицип ерітіндісін сеуіп шығамыз. Препараттар жеткілікті, кестеден қалмауға тырысып жатырмыз. 

Бағдат Әлиев, облыстық жұмылдыру дайындығы басқарма басшысының орынбасары:

– 567 318 мал басына және жалпы көлемі 2 352 450 шаршы метрді құрайтын 33 385 қора, суат-шаңлақтарға көктемгі және күзгі залалсыздандыру жұмыстары жүргізілетін болады.

Өткен жылы өңірде 332 адамды кене шағып, 9-нан Конго-қырым безгегі анықталды. Оның екеуі қайтыс болды. Ал жыл басынан бері улы қансорғыш жәндік 40 тұрғынды шағып, екеуі безгекке шалдықты.

Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Айтмұхамбет Бәйділдаев