Алматы облысындағы Абай ауылында ұялы байланыс атымен жоқ

Мыңнан аса тұрғыны бар елді мекенге ғаламтор да бармаған.

Жұрт жақынымен сөйлесу үшін төбе іздеп, шатырға шығып кетеді.

Ауыл іргесінде мына төбешік баяғы «коммунатор» рөлін атқарады десек те болады. Тұрғындар оған шығып, ұялы байланыс арқылы өзгелермен тілдеседі. Жасаған жұмысы туралы есебін де осы жерден жібереді. Елді мекен Талдықорғаннан бар-жоғы 20 шақырымдай жерде тұр.

Татьяна Мирошникова, ауыл тұрғыны:

– Жжыл сайын құрғақ уәдені естіп, етіміз үйренді. Жауапты дегендер осында келеді. Сосын кері кетеді. Төбешікке күндіз келерміз-ау. Ал қараңғыда айдалаға кімнің барғысы келеді. Жағдай қиын. Шұғыл дәрігер керек болса, жедел жәрдем шақыра алмаймыз.

Абай елді мекенінде ғаламтор мәселесі пандемия уақытында мектептер қашықтан оқытуға көшкелі бері тіптен ушықты. Екі балам үй тапсырмасын уақытында орындап үлгермей жүр. Қолға смартфон ұстап, дұрыс сигнал іздеп, күнде көше кезуден шаршадық деп қынжылады ауыл тұрғыны.

Ажар Төлеу, ауыл тұрғыны:

– Звандайды, мына жолға шығамыз. Үйді шыр айналып жүреміз. Сосын балаларым шатырға, қораның төбесіне шығып ұстайды. WI-FI алдық, бірақ қолмен ұстап, үйдің ішінде қуалап жүреміз. Қай жерде ұстайды, сол жерге апарып қоямыз. Бірақ видео-сабақтарды ашпайды.

Мұнда ауыз су мәселесі де шешілмеген. Құбырмен келетін тіршілік нәрі жарты күнге тоқтап қалуы үйреншікті іске айналған. Бұған себеп – әбден тозығы жеткен сужинағыш мұнара қазіргі жүктемені көтере алмай тұр.

Жәміш Сыдықова, ауыл тұрғыны:

– Баяғы заманнан келе жатқан мұнара. Басы тесік. Соны жөндей алмай жатырмыз. Кран керек. Ол үшін ақша керек. Мың рет бардым әкімге. Бір күні мұнара құлайды. Оған шыдаңдар дейді.

Көкейтесті сауалдарға жауап іздеп, біз де әкімдікке бардық. Әкімнің айтуынша, ауылдың географиялық орналасуы ұялы байланыс аумағына еркін кіруге мүмкіндік бермейді. Бұл аумақ жазық жерден біршама төмен тұр. Биік мұнара қою қажет деп ақталды.

Берік Дүйсебаев, Қарабұлақ ауылдық округінің әкімі:

– 3 шақырым жерде Қарабұлақ тұр. 3 шақырымда Өрқұсақ ауылы бар. Бірақ Абай ауылы төменде тұр. Сол себептен байланыс жүйесі төмен. Қазақтелеком өздерінің құралдарымен келіп тексерді. Бізге сондай жауабын берді. Біз орталығына хат жолдадық.

Ал ауылға таза су тек келер жылы тоқтаусыз беріледі деп айтылды. Жоба құжаттары жасақталып жатыр.

Талғат Исламұлы, Қуаныш Түргембаев