ШҚО-да кенеден зардап шеккендер көбейді

Аймақта 434 адамды жәндік шаққан. Әсіресе кене энцефалиті бойынша эндемиялық аудандарда қансорғыштардың белсенділігі артып тұр.

Сондықтан мамандар кенеден келер кеселге қарсы салынатын иммуноглобулин екпесі жетпей қала ма деп алаңдайды. Қазір өңірлерде жәндік көп шоғырланған аумақтарды  зарарсыздандыру шаралары басталып кетті.

Жанна Акчалованың дизенфектор болып қызмет етіп жүргенінен 8 жыл болды. Көкпекті ауданының кене қаптаған аумағын апталап аралап жүр. Негізгі мақсаты – белгіленген территорияны кеміргіштер мен кенелерден заррсыздандыру. Өйткені титтей ғана кенеден келер қауіп орасан. Олар адамға кене энцефалитін жұқтырады. Бұл кесел сал ауруына шалдықтырып тіпті кейде ажал құштыруы мүмкін.

Жанна Акчалова, ұлттық сараптау орталығы аудандық бөлімінің дезинфекторы:

– Қанша ыстық болса да, салқын болса да біз жұмысымызды істейміз. Енді мынадай гектарларға шыққан кезде кішкене ауырлау болады, енді костюммен жүру деген өте қиын.

Биыл аудандағы жұмыс бұрынғыдан да арта түскен. Өйткені жәндіктердің таралу аумағы біршама өсті.

Эльмира Ахметова, тілші:

– Көкпекті ауданында кенеэнцефалитіне қарсы залалсыздандырылатын жер аумағы жыл сайын артып келеді. Осыған дейін 60 гектар ерге дезинфекция жасалатын,енді оған мынау Үлкен Бөкен аумағындағы 10 гектар жер қосылып, 70 гектар болды.Өйткені өткен жылы дәл осы ауылда кене энцефалитін жұқтыру дерегі тіркелген болатын.

Облыста кененің таралуы бойынша қауіпті 10 ауданның бірі – Көкпекті. Сондықтан мұнда екпе шаралары қолға алынды. Мамандар вакцина жетпей қала ма деп алаңдап отыр. Өйткені жоспарлы екпеден бөлек, кене шағып алған соң көмекке жүгінетіндер бар. Қазір сондай 7 адам вакцина алған.

Надия Рахимова, Көкпекті ауданы санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының жетекші маманы:

- Біздің жақта қазір дала жұмыстарымен, егінмен, бақшамен айналысып жатқандар көп. Демек екпе шараларын бастаудың маңызы зор.

Биыл Көкпектіге иммуноглобулиннің 50 дозасы берілді. Бізге бұдан көбірек, кем дегенде 200 доза керек. Әйтпесе жетпей қалуы ықтимал.

Денсаулық сақтау басқармасы болса кене энцефалитіне қарсы екпемен қамтуда ешқандай мәселе жоқ деп сендірді. Егер жетпей қалып жатса оның да шешімі табылады дейді.

Ермек Омарбеков, ШҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Ол ауданда 50 доза бар. Бірақ ол жеткіліксіз болып жаста, біз жағдай тұрақты аудандардағы вакцинаны жетпей жатқан аудандарға бере аламыз. Бұл енді эпидахуалға тікелей байланысты. Сондықтан алаңдайтын еш себеп жоқ деп санаймын.

Иммуноглобулин облыстық санитарлық эпидемиологтар жасаған талдау жұмыстарына сәйкес бөлінеді. Яғни есеп қисаптың дұрыс бұрыстығы сол мамандарға байланысты. Айта кетсек, өткен жылы облыста бұл препарат күзге жетпей таусылып қалған еді. Осылайша шұғыл түрде қайта тапсырыс берілген болатын. Биыл сол жағдайдың қайталанбасына кім кепіл. Өйткені 2020 жылы аймақта 21 адам кене энцефалитін жұқтырған.

Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов