Елордадағы жерасты өткелдерінің сапасы сын көтермейді

Жаяу жүргішілерге арналған жолда жарық жоқ, қоқыс жиналмайды, ал жиналған судың иісі қолқаны қабады.

Жұрт осылай деп шағымданды.

Бір жағында Алматының тұмша табиғаты, ал екінші жағында Бурабай бейнеленген жерасты өткелі. Іші таза, қоқыс жәшіктері қойылған. Екі шетінде бейнекамералар да орнатылыпты. Яғни жүріп-тұру қауіпсіз. Бірақ бас қаладағы барлық өткел бірдей емес.

Ғазиза Мұхамеджанова, тілші:

– Ал бұл Шыңғыс Айтматов көшесіндегі жерасты өткелі, пайдалануға берілгеніне бес айдан аспаған ғимараттың бүгінде төбесінен су ағып тұр. Ал кіреберістегі қабырғаларды сыз басқандықтан сылағы түсіп жатыр.

Осы көшедегі өткелден өтетіндердің шағымы көп. Жерасты жолының жағдайы көңіл көншітпейді, жылдап салған құрылыстың сапасы төмен дейді олар.

Дархан Абилов, қала тұрғыны:

– Екі айдай жарық болмады. Көктемде баспалдақтарда мұз қатып қалды. Құлап-сүрініп жүрдік осы жерде. Не істейміз енді жолдан өту керек қой!

Қуаныш Мұхамедқалиев, қала тұрғыны:

– Көріп тұрсыздар, жағдай қандай? Үкімет не қарап отыр, түсінбейміз. Құдайдың құтты күні өтеміз. Міне екі-үш күн болды жарық қосқанына. Оған дейін қараңғы болды. Сасып жатыр.

Әкімдік өкілдерінің айтуынша, шатырда қыстай қар жиналған. Сондықтан қазір төбеден су тамшылап тұр. Сондай-ақ нысан аптасына екі рет тазаланып тұрады. Дегенмен шаң басқан жақтаулар мен шашылған қоқысқа қарап, бұл сөзге сену қиын.

Регина Петровская, қала тұрғыны:

– Осы жерден күніне екі рет өтемін. Өткелдің іші лас. Жарық жиі сөніп қалады. Жүру қорқынышты. Қолшаммен жүрген кездер де болды.

Жерасты өткелінің құрылысына қанша қаржы кеткені және неге бірден сапалы жөндеу жасалмағыны да түсініксіз. Бұған қатысты басқарма басшысы мардымды жауап айта алмады.

Ерғанат Бексұлтанов, қалалық жол көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы, жол құрылысы және жөндеу бөлімінің басшысы:

– Мен сізге нақты сомасын айта алмаймын. 2012-2015 жылдар аралығында мұнда құрылыс жұмыстары жүргізілді. Өткелдің қаңқасы жасалды. Өте қиын құрылыс болды. Себебі мұнда жер асты суларының деңгейі жоғары. Жерасты су арнасын бұруға мүмкіндік болмағандықтан, жоба бес жыл тоқтап тұрған. Тек 2020 жылы өткелдің құрылысы қайта басталып, қараша айында ол пайдалануға берілді.  

Жерасты жолын қалпына келтіру жұмыстары күн жылынғанда жасалады деді басқарма өкілі. Ағымдағы жөндеу шамамен 15 мамырда басталады.

Ғазиза Мұхамеджанова, Арман Ақшабаев, Марат Диханбаев

Сондай-ақ...