Алматыдағы «Алтын орда» жолы қазан айында ашылады

Алматыдағы «Алтын Орда» базары жанындағы жол құрылысы қазан айында аяқталады.

Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясының жаңа басшысы мәлімдеді. Төрт жылдан бері жыр болған құрылысқа жауапты мердігер қуылып, жаңасымен келісім жасалыпты. Жоспар бойынша жұрт жаңа жолдың игілігін күзде көруі тиіс.

2017 жылдың күзінде басталған «Алтын Орда» базарының алдындағы жолайырық құрылысы 40 процентке аяқталған.

Бұл «Дәулет Дорстрой» компаниясының төрт жылдық жұмысы дейді «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының жаңа төрағасы Асқар Маратұлы. Құрылысты мерзімінен кешіктірген мердігер міндетінен босатылып, бүгін өзге компаниямен келісімшарт жасалды. 

Асқар Маратұлы, «Қазавтожол» ҰК АҚ басқарма төрағасы:

- Қазір біз алдыңғы мердігермен келісімшартты бұздық. Шұғыл түрде жаңадан тендерлік рәсімдерді өткізіп, «СинеМидасСтрой» деген мекемемен қол қойдық. Биылғы жылдың қазан айында өзіміздің жоспарымыз бойынша бұл жоба толық іске қосылатын болады.

Жалпы ұзындығы 600 метрлік эстакаданың бүгінге дейін 80 метрі салынған. Үш жолүсті өткелі жасалыпты. Жобаға бөлінген 12 млрд теңгенің жартысы игерілді дейді компанияның басқарма төрағасы.

Аршын Кемелжан, тілші:

- Таңнан кешке дейін көлік кептелісі бір тынбайтын «Алтын Ордадағы» жол құрылысы қазан айында аяқталуы мүмкін дейді «ҚазАвтоЖол» басшысы. Мұндай жаңалыққа жүргізушілер үмітпен емес күдікпен қарайды. Өйткені, осындай уәделер осыған дейін де болған.

Әлі атқарылатын 60 процент жұмыс бар. Ұлттық компания басшысы бюджеттен қосымша қаражат сұрамайтынын айтты. Құрылысты жалғастыратын жаңа компания ірі және тәжірибесі де мол екен. Жолайрық сапасы барлық талапқа сай болады дейді Асқар Маратұлы. Ал көлік жүргізушілері құрылыс қыс түспей аяқталса екен деген тілекте.  

БЛИЦ:

- Екі сағат болды, анау жақтан келе жатқанымызға. Қазанда бітеді дегенге неше жыл болды.

- Жол кептеліс, ертерек жөндесін, үнемі қиындық.

- Күнде осы кептеліс, Қазан айында бітеді дей ме? Үш жыл болды ғой.

Еске сала кетейік, 2017 жылы күзде басталған 10 жолақты жолдың құрылысы 2019 жылы аяқталуы керек еді. Бірақ түрлі себептермен 2020 жылдың жазына жылжыды. Енді міне, биыл қазан айында толық пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

Аршын Кемелжан, Әбен Нарынбаев