427,15 517.06 5.74
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елордадағы көпқабатты тұрғын үй ыстық сусыз қалуы мүмкін

  • 89
  • UPD: 23:42, 30.04.2021

Мәңгілік ел мен Қабанбай батыр көшелерінің қиылысында орналасқан баспана жылудан да ажыратылады.

Өйткені тұрғын үй кешеніне қызмет көрсетуші компания автономды жылыту қазандықтарын өз қарамағынан біржола шығарды.

Осыдан екі ай бұрын бір топ елордалық тұрғын кондоминиумдағы автономды жылытатын 4 қазандықты қала балансына өткізуді сұраған еді. Олардың айтуынша, коммуналдық қызмет көрсетуші компаниядағы ыстық су мен жылу тарифі тым жоғары. Өйткені төлемақы пәтердің шаршы метрі үшін алынады. Міне сол басқарушы компания қазандықтарды бақылаудан біржола бас тартты. Енді бұл тұрғын үй кешенінде мамыр айынан бастап ыстық су болмайды. Ал төмен тариф ұсына алатын баламалы мекемелер жоқтың қасы.

Есентай Садырбаев, қала тұрғыны:

– Қалалық әкімдіктен қазандықтарды өз балансына алсын деп отырмыз. Осы мәселені көтеріп отқанымызға 5-6 жыл болды. Қаланың жылу жүйесі бойынша біз 3 есе артық төлейміз.

Тұрғындар жылу мен ыстық су ақысын есептеуіш құралдар көрсеткішімен төлегісі келеді. Осы күнге дейін тариф бағасының реттелмегеніне ашынғандар былтыр басқарушы мекеме үстінен сотқа арызданып жеңіп шықты. Компания басқа сот инстанцияларына аппеляциялық шағым жолдағанымен, 11 млн теңге астам айыппұл төледі.

Олжас Ибраимов, басқарушы компания заңгерлік бөлімінің басшысы:

– Жылу мен ыстық су ақысын есептеуіш құралдар арқылы алғымыз келген. Алайда тұрғындардың көбі құрылғы көрсеткіштерін уақытылы жібермейді. Сондықтан төлемақыны жылытатын аумақтың шаршы метрі бойынша алып келдік. Табиғи монополияларды реттеу департаменті осы жағдай бойынша тексеріс жүргізді. Нәтижесінде біздің компания мемлекеттік реестр тіркеуінде болмағаны үшін айыппұл төлеуге міндеттелді. Сол себепті қазандықтарды тұрғындардың өзіне тапсырдық. Бірақ қалған коммуналдық қызметті жалғастыра береміз.

Сұйытылған газды сатып алу, оны ауданға жеткізу, әр қазандыққа бөліп құю, суды жылыту сияқты жұмыстар қарапайым тұрғындардың қолынан келмейтіні белгілі. Қайткен күнде де білікті мамандармен келісімге келу керек. Ал ол үшін мүліктің меншік иелері бірлестігін құру қажет.

Ернар Қиябаев, қалалық тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының бөлім басшысы:

– Заңның нормасында көрсетілгендей, ол жерде егер инженерлік жүйелері бір болған жағдайда тұрғындар бір мүлік иелері бірлестігін таңдауға мүдделі деген. Орталық жылыту жүйесі болмағандықтан 1 қазандықтан қамтамасыз етіліп отқан үйлер бір мүлік меншік иелерін тіркеген дұрыс деп есептейміз.

Жалпы, жаңадан салынып жатқан мешіт ауданы қаланың орталықтандырылған жылыту жүйесі жобасында жоқ. Тек газдандыру бар. Бірақ бұл ауданға табиғи газ құбыры 2 жылдан кейін тартылады дейді әкімдіктегілер.

Мақсат Есмағұлов, қалалық отын-энергетикалық ресурстар бөлімінің басшысы:

- Сол жерді басқарып отыратын КСК қызмет көрсету қажет. Яғни бұл дегеніміз нарық. Сондықтан сол нарықтық жүйеде көрсетілетін қызметтер түріне жатады. Сол себептен әкімдік оны аталған қазандықты өз балансына және өз бюджет есебінен ала алмайды. Және қолдануға заң бойынша мүмкіндігі жоқ. Өйткені бұл дегеніміз нарықтық экономикаға берілген.

Биыл магистральді газ құбыры Тельман тұрғын алабына дейін жеткізіледі. Ал қаланың оңтүстігі 2023 жылы газдандырыла бастайды. Осылайша, автономды қазандық мәселесі биыл шешілмесе, тұрғындардың электр қуатын көп тұтынатын жылытқыш құралдарды сатып алудан басқа амалы қалмайды.

Мирлан Алтынбек, Жандос Битабаров, Диас Қовланбаев, Ақылбек Есімсеитов

Хабар 24 телеарнасы