Елордада Халыққа қызмет көрсету орталықтарына кіру қиын

Тұрғындар мемлекеттік мекемеден құжат алу үшін сағаттап кезек күту шаршатты дейді.

Алайда халықтың бұл уәжімен «Азаматтарға арналған үкімет» өкілдері келіспейді.

Ардагүл Нығметтің Халыққа қызмет көрсету орталығының табалдырығын тоздырғанына бірнеше күн. Апта бұрын онлайн жүйесі арқылы кезекке тұрған ол, жұмысының бітпегеніне наразы. Ардагүл электронды цифрлы қолтаңбаны алу үшін электронды нұсқаны да байқап көрген. Ісінен ештеңе өнбеген соң осында келіпті. Қолындағы ұялы телефонмен де тапсырыс беріп көрген.  

Ардагүл Нығмет, қала тұрғыны:

– Екі күн бұрын үйден бронь жасағанмын. Өтініш беріп едім. Мен екі күн соны күтіп жүруім керек. Мысалы директорлыққа үш түрлі ЭЦП болу керек екен. Бірі ЖСШ-ның атынан болса, екіншісі директорлықтікі, үшіншісі жеке тұлға. Осыны неге бір жүйеге қалыптастыруға болмайды? Қарасаңыздар, мұнда қаншама халық тұр, қаншама уақыт кетіп тұр. Осыны бір жүйеге келтірсе деген ұсынысым бар.

Халыққа қызмет көрсету орталығының ғимараты алдында Ардагүл секілді сабылып жүргендер көп. Орталық ішіне кіруге алдын ала тапсырыс жасап, уақытылы келгені бар. Бірақ халықтың көбі сыртта кезегін күтуге мәжбүр. 

БЛИЦ:

- Апта бұрын мұнда кіру оңай болатын. Ал қазір кезек сыртқа шығып тұр. Міне тұрмыз, кезегімізді күтіп. Қазір күн жылы ғой. Ал басқа кезде қалай болады? Алдын ала брондап келдік. Олай жасамасаң, мүлде кіргізбейді.

Қазір Халыққа қызмет көрсету орталығына бас сұғу үшін алдын ала төрт тәсіл арқылы тіркелім жасай аласыз. Онда да тек алдағы 10 күнге ғана. Ал жеке төлқұжатыңыздың немесе куәлігіңіздің жарамды мерзімі аяқталса не істеу керек? 

Арайлым Кубекова, Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы департамент директорының орынбасары:

– Бүгінгі таңда «Азаматтарға арналған үкімет» порталында мерзімі жеткен төлқұжатты онлайн түрде ауыстыруға мүмкіндік жоқ. Тек ескі үлгідегі куәлікті жаңасына ауыстыруға болады портал арқылы. Ал мына жағдайда егер азамат брондауға мүмкіндігі болмаса, оның құжатының мерзімі бітіп тұрса біз ол кезеңде де ондай адамдарға көмек беруге әзірміз.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының мәлімдеуінше, қазір 90% мемлекеттік қызмет түрі цифрлық жүйеге көшкен. Ал оған мерзімі біткен төлқұжатты ауыстыру тетігін қосу неліктен қиындық тудырғаны белгісіз. 

Нұрбек Байбосын, Диас Қобыланбаев