Талдықорғанда Чернобыль апаты салдарын жоюға қатысқан азаматтар ұлықталды

Украинадағы атом электр станциясының істен шыққанына биыл 35 жыл.

Ірі техногендік апат зардабын тоқтатуға жұмылғандар қатарында 30 мыңнан астам отандасымыз болды. Оның екі жарым мыңы – Алматы облысының тумасы.

Украин жеріне аттанған қазақстандықтар соңғы минуттарға дейін қай жерге баратындарын білген жоқ. Жетпісбай Мұқашевтың айтуынша, олар көрген көрініс адам шошытады. Құлазыған қала, тірі жан жоқ көшелер. Алғашқы күннен-ақ елді мекендерді радиациядан тазалауға қатысады. 

Жетпісбай Мұқашев, Чернобыль апаты салдарын жоюға қатысушы:

– Біз барған шағын қала Хойники деп аталды. Көшелерге, қаңтарылып тұрған көліктер мен үйлерге ерітінді шаштық. Электр желілерін залалсыздандыруға қатыстық. Аса қауіпті жерде болғанымызды кейін түсіндік.

Атом электр станциясындағы апатты жоюшыларға мүгедектік тағайындалатыны белгілі. Алайда бұл санаттан кейбір азаматтар еш себепсіз шығып қалған. Жергілікті билік өкілі мәселені көп кешікпей шешуге уәде берді. 

Ләззат Тұрлашов, Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары:

– Былай істейік: сіздерден тағы ұсыныстар болып жатса, қағазға түсіріп, жиналыс протоколына енгізіп жіберсеңіздер. Мен оны мұқият қараймын.

Әлі күнге радиация ошағы саналатын өндіріс орнында көзсіз ерлік көрсеткендер бүгінгі жиында ұлықталды. Аймақ әкімі атынан алғыс хат тапсырылып, сый-сияпат берілді.  

Талғат Исламұлы, Қуаныш Түргембаев