Теміртауда «Бірлік пен татулық» аллеясы ашылды

«Жүректен жүрекке!» Бүгін Қарағанды облысында осындай атаумен Бірлік күніне арналған іс-шара өтті.

Қала мен аудандардағы этномәдени бірлестік өкілдері тікелей байланысқа шығып, Бірлік күні қарсаңында атқарып жатқан істері туралы баяндады.

Бүгін Балқаштағы неміс этномәдени орталығы Балқаш көлінің маңында тазалық жұмыстарын жүргізуде. Ал Жезқазғандағы Түркімен орталығы аз қамтылған 150 отбасыға палау дайындап береді. Теміртау қаласында «Бірлік пен татулық» аллеясы ашылды. Алыс-жақын қалалардағы бұл іс шараларды облыс орталығы онлайн режимде тамашалады.

Жеңіс Қасымбек, Қарағанды облысының әкімі:

– Береке басы – бірлік дейді халқымыз. Халқымыздың бірлігі мен ынтымағы біздің баға жетпес байлығымыз болып табылады. Енді соңғы жылда әлемнің барлығы пандемиямен күресуде. Тек біз емес, өзге елдерде жағдай осындай. Бірақ сіздердің арқаларыңызда елде жағдай тұрақты. Осы күресте ассамблеяның да орны ерекше.

ҚХА-ның 29-сессиясына Қарағандыдан 29 делегат қатысқан. Бүгін олар алдыға қойылған мақсат-міндеттерді өзгелерге де жеткізді.

Вида Грейчуте, «Литуаника» Литва бірлестігінің мүшесі:

– Мен үшін ассамблеяның 29-сессиясына жастар тарапынан қатысу зор мәртебе болды. Кезекті жиында Қазақстан қоғамында бірлік пен достықты дамытудың даңғыл жолы тағы да қозғалды. Мемлекет пен азаматтар арасындағы келіссөз бен өзара түсіністік, азаматтардың тең құқылы болуы, қазақ тілінің бірліктің кілті мен кепілі болары жайлы өзекті бастамаларды іс жүзінде жүзеге асыратын кез келді деп есептеймін.  

Арқадағы бірлік пен береке шаңырағы «Достық үйінде» қазір 75 этномәдениет өкілі бар. Олардың тарапынан елдің бірлігін нығайтатын бастамалар көтеріліп, нәтижесін беріп келеді.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игліков, Аслан Демесбаев