«Рамазан керуені» аясында жағдайы төмен мыңға жуық отбасыға азық-түлік жөнелтілді

Ақтөбеде «Рамазан керуені» қайырымдылық іс-шарасы аясында әлеуметтік жағдайы төмен мыңға жуық отбасыға азық-түлік жөнелтілді.

Көмектің басым бөлігі шалғай ауылдардағы қолдауға мұқтаж жанұяларға бағытталды. Олардың арасында жалғыз басты қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандар да бар. Игі шара Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қолдауымен республика көлемінде өтті. Оның аясында тек Ақтөбеде қалың жамағат пен кәсіпкерлердің атсалысуымен 16 тоннадан астам азық-түлік жиналған. Бұл көмек түрін сауапты іске үлес қосқысы келген еріктілер мұқтаж отбасылардың үйлеріне жеткізіп беруде.  

Төлеби Оспан, облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің Бас имамы:

- Бұрын қаладағы тізімді анықтау оңай болатын. Өйткені өздері келеді, алдын ала өтініш береді. Енді ауыл-аймақтардағыны біз әрине жергілікті әкімдіктер арқылы, сол жерде әлеуметтік салаға жауапты мамандардың берген тізімі арқылы жүгініп, сол бойынша тарататын боламыз.