Алматыда коронавирус жұқтырған 84 бала ауруханада емделіп жатыр

Алматыда коронавирус жұқтырған 3570 науқас ем қабылдап жатыр.

Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасынан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

1 мамыр күнгі ақпарат бойынша, бір тәулікте қалада 697 адам коронавирус жұқтырған. Мұның ішінде симптомды, жеңіл және орташа деңгейдегі белгілермен – 581, симптомсыз – 116 науқас тіркелді.

«Инфекциялық стационарларда 3570 адам бар (төсек-орынның жалпы саны - 6 060), оның ішінде 84 бала емделуде», - деп нақтылады Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен.

Сондай-ақ реанимация және қарқынды терапия бөлімінде 224 адам жатыр. Ал 35 науқас жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Инвазивті емес жасанды тыныс алу аппаратында 72 адам ем қабылдауды жалғастыруда.

Медициналық-санитариялық алғашқы көмек мобильді бригадаларының және Телемедицина орталығының амбулаториялық бақылауында 5388 пациент бар. Оның ішінде 4780 адамда індет белгілері болған, олар орташа ауыр жағдайда. 608 адамда коронавирус белгілері жоқ.