Түрлі ұлт өкілдерінен құралған ақтөбелік отбасы көпке үлгі

Бірлік түбі – береке. Мағынасы терең бұл мақалды ақтөбелік Бошковтар отбасы әрдайым насихаттап жүреді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Түрлі ұлт өкілдерінен құралып, ынтымағы жарасқан шаңырақтың шаттығы көпке үлгі. Әр мерекеге мән беретін жанұя Қазақстан халқының бірлігі күнін де ерекше атап өтеді.

Ақтөбе облысының Алға ауданында тұратын Бошковтар – нағыз интернационалды отбасы. Әулеттің үлкені Михаил болгар болса, жұбайы украин, келіні орыс ұлтының өкілі. Ынтымағы жарасқан шаңырақта қазақтың салт-дәстүрі ерекше мәнге ие.

Отбасы мүшелері қазақ тілінде еркін сөйлейді. Себебі, Болгарка ауылында бірнеше ұлттың өкілі тату-тәтті тұрып, ортақ тілде сөйлеседі. Бір ғасырдан астам уақыт бұрын бұл ауылға болгарлар көшіп келіп, құтты мекеннің негізін қалапты. Содан бер бес ұрпақ өрбіп, жергілікті халықпен әбден сіңіскен.

Михаил Бошков, Алға ауданының тұрғыны:

- Қазақ болдық десек те айтуға болады. Қазақтың бүкіл дәстүрін, тарихын болгармен қосамыз. Қазақтар да біздің дәстүрімізді, біздің тағамымызды көбісі тойларына да жасап қояды дастархан жайғанда. Сосын мына елімізге Кеңес Үкіметі кезінде репрессияға түскендер көп болды ғой. Сонымен ойлаймын, қазағымыз бәрін қарсы алып, былай қарасақ, терең ойласақ, ол мықты. Оны әрбір халық істемейді.

Жанұяда туып-өскен ұл-қыздар да бүгінде түрлі салада еңбек етіп, ортақ отанның дамуына үлес қосып жүр. Тек шаңырақтың иесі Федор ауданның ішкі істер саласындағы белді қызметкер. Бұған дейін жасөспірімдер ісі жөніндегі инспектор және бірнеше ауылда тәртіп сақшысы сынды бірқатар жауапты міндеттер атқарып, мол тәжірибе жинаған. Ісіне аса ұқыптылықпен қарайтын ол тек ауызбіршілік қана береке беретінін айтады.

Федор Бошков, Алға аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары:

- Баяғыдан бабаларымыздың айтқаны, тілді құрметтеу керек, осы елдің әр азаматы. Үйрену керек, сөйлесу керек мемлекет тілінде. Қазіргі заманда келген азаматтардың өтініштеріне жаңағы айтады ғой «сервистік полиция» деп, қысқа мерзімде толық жауап беру міндетті. Осы бағыт бойынша біз болашақта жұмыс жалғастыруымыз керек.

Бүгінде облыста ондаған ұлт өкілдері татту-тәтті өмір сүріп жатыр. 17 этномәдени бірлестік жұмыс істейді.