«Хабар» арнасынан қазақтың төл өнерін дәріптейтін «Алтыбақан» бағдарламасын көріңіздер

«Хабар» арнасында сенбі сайын шығатын «Алтыбақан» бағдарламасының көрермені көбейіп келеді.

Бұл әрине, қуанарлық жағдай. Бағдарламада қазақтың ежелден келе жатқан салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы салтанат құрып, төл өнеріміздің майталмандары жырдан шашу шашады. Қазақтың дәстүрлі әндерін сағынсаңыз, бүгін 18:00-де «Хабар» арнасын көріңіз.

Наурыз мерекесі күні көрермендерге жол тартқан «Алтыбақан» мәдени-танымдық музыкалық шоуының бүгін міне, кезекті түсірілімі болып жатыр. Бағдарламаның бұл санына күміс көмей әнші Мақпал Жүнісова қатысты. Қазақтың ерке қызы «Алтыбақанға» ең алғаш рет 1980 жылы10-сынып оқып жүргенде шыққан екен. «Қазақтың төл өнерін дәріптейтін бұл жобаға қатысу мен үшін үлкен мақтаныш», - дейді Жүнісова.

Мақпал Жүнісова, Қазақстанның халық әртісі:

- Бұл жерде енді бүкіл қазақ халқының дәстүр-салты, қасиетті қобызы, домбырасы, ән-жыры, жырау, термесі барлығы осы «Алтыбақанда» шарықтап, болашақ біздің ұрпақтарымызды өзіміздің ұлттық мәденитімізді таныстыруға өте үлкен себебін тигізеді деген ойдамыз. 

«Алтыбақан» бағдарламасын елге белгілі дәстүрлі әншілер Ерлан Рысқали мен Ұлжан Байбосынова және Тамар Асар жүргізеді. Жобаның бас продюсері Ғалия Байбосынованың айтуынша, карантиндік шектеулер біраз кедергісін тигізген көрінеді. Бағдарламаға қатысуға ниет білдірген татар мен тува және әзербайжан мен түркімен, сондай-ақ башқұрт еліндегі өнерпаздар келе алмай қалыпты.

Ғалия Байбосынова, «Алтыбақан»  жобасының бас продюсері:

- «Алтыбақан» жобасы тек қана республикалық деңгейде өтіп жатқан жоба емес, халықаралық жоба. Өйткені біз түркітілдес өзіміздің көрші елдегі жаңағы өнер майталмандарын оларда өз елдерінде кәдімгі дәстүрлі өнерді алға салып келе жатқан халық әртістері, сол кісілерді шақырдық. Түркиядан келді қонағымыз, Қырғызстаннан, Өзбестаннан, Қарақалпақстаннан.

«Хабар» арнасының тапсырысы бойынша түсіріліп жатқан қазіргі «Алтыбақан» музыкалық жобасының бұрынғыдан өзгешелігі – жаңаша форматта. Яғни, заманауи үлгідегі техникалық қондырғылар сахнаға сән беріп, бағдарламаның ажарын аша түскендей. Қазақтың дәстүрлі әндерін сағынсаңыз, сенбінің кешінде «Хабар» арнасын көріп, сазды әуенмен сусындаңыз. 

Авторы: Жандос Айтбайұлы