426,05 517.06 5.77
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Айыртау ауылындағы Кенигтер отбасы мамыр мерекесін ерекше қарсы алады

  • 96
  • UPD: 22:13, 01.05.2021

Көп ұлтты отбасында мереке де көп. Шығыс Қазақстандағы Кенигтер жанұясы осыған дәлел.

Талай жыл отасып келе жатқан ерлі-зайыптылардың бірі неміс, екіншісі қазақ. Сондықтан бұл жанұяда екі халықтың мерекесі үзбей тойланады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал, мамыр мейрамын үлкен қуанышпен қарсы алады.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Айыртау ауылындағы Кенигтер отбасы мамыр мерекесін ерекше ықыласпен қарсы алады. Дастарханнан қазақ пен неміс халқының тағамы үзілмейтін жанұя үшін  бірлік күнінің маңызы айырықша. Сондықтан бұл күні ас үйдегі қазан оттан түспейді.

«Отасқалы бері екі ұлттың дәстүрін тең ұстанып, балаларымызға насихаттап келеміз», - дейді отағасы. Александр Кенигтің өзі де, әке шешесі де Қазақстанда туып өскен. Қарындасы мен апайы да қазақтан қыз алып қыз беріп отырған бір-бір әулет. Қазір қазақ халқымен туыстай болып, біте қайнасып кеткен Александр «тіпті құда күтіп, табақ тартуды менен үйреніп жүргендер көп», деп күледі.

Александр Кениг, Айыртау ауылының тұрғыны:

- «Құда-құдағилар келгенде қандай жіліктер саламыз», дейді әсіресе, қой етінен жілік салынады, бас жамбас бар, ондай тағамдарды менен сұрайды, мен қалжыңдап айтамын, ренжітіп емес, қалжыңдап сен қазақ па мен қазақ па деп. Мені мысалы ешкім ренжітпейді, сен пәленсің, сен неміссің, осындайсың, сондайсың деп маған ешкім айтып көрген жоқ.

Жары Бақытжамал бастапқыда неміс тағамдарын жасай алмай әбігерге түсіпті. Алайда Александр жалықпай, барлығын өзі көрсеткен. Содан бері мына буға піскен тұздықты тоқаш сияқты небір ас түрлерін жиі пісіреді

Бақытжамал Тұяқбаева, Айыртау ауылының тұрғыны:

- Бір-бірімізден үйренген нәрсеміз көп, мен енді көп нәрсені білген жоқпын, ол кісі үйретті тамақты немісше қалай істеу керек екенін. Ылғи мереке, мерекеден Құдай айрымасын енді, бола берсін орыс болайық, қазақ болайық, неміс болайық.

«Алексанр қазақтың кең пейілі мен қонақжайлығы қаныма әбден сіңген», - дейді. Сол себепті болар көрші қолаңмен сыйластығы ерекше.

Айрандай ұйыған Кенигтер отбасы айыртаулықтардың бәріне үлгі. 30 бас сиыр сауып шаруасын дөңгелетіп отырғаны былай тұрсын, Александр бүкіл ауылдағы жалғыз темір ұстасы. Қолынан келмейтіні жоқ, шеберге жүгінетіндер көп. Ал өзі «осы жұмысымнан ерекше рахат аламын», дейді.

Жалпы облыста 100-ден астам этнос өкілдері бар. Этномәдени бірлестіктер аса белсенді. Мәселен биыл Өскемендегі этноорталық мүшелері мамыр мерекесіне орай «Достық аллеясын» жасылдандырды.

Лидия Роот, Неміс этномәдени бірлестігінің мүшесі:

- Мінекей, Достық Аллеясында бірлесіп ағаш егіп жатырмыз. Мен қазақстандықтарды бірлік күнімен құттықтаймын. Еліміз тыныш болсын.Татулығымыз жалғаса берсін.

Айта кету керек, елімізде ең алғашқы «Достық үйі» осы Өскеменде ашылған болатын. Қазір 13 шаңырақ жұмыс істеп тұр.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов

Хабар 24 телеарнасы