429,33 519.25 5.73
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Сардоба су қоймасын бекіту жұмыстары толық аяқталмады

  • 70
  • UPD: 23:42, 01.05.2021
Сардоба су қоймасын бекіту жұмыстары толық аяқталмады фото: inform.kz

6 адамның өмірін жалмап, екі ел тұрғындарына үлкен шығын әкелген апатқа бір жыл болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Былтыр мамырдың бірі күні Өзбекстандағы Сардоба су қоймасының бөгеті жарылып, тасқын Қазақстанға дейін жеткен еді. Қауіптің беті сейілді. Апат болған орында қандай жұмыс жүргізілді? Бөгеттің іргесі бекітілді ме?

Риат Шони, тілші:

- Сырдария облысындағы Сардоба су қоймасы. 2017 жылы құрылысы аяқталған нысанның былтыр бөгеті сыр берді. 2020 жылдың бірінші мамырында таңғы 05:00 шамасында бөгет жарылып, техногендік апат болды. Салдарынан тасқын су арнасынан асып, жақын маңдағы елді мекендер мен Қазақстандағы Мақтаарал ауданына дейін жетіп, үйлерді қиратты. Тасқын судың күштілігі соншалық, жолында кездескен барлық бөгетті қиратты. Мәселен, мына жол бұрын тақтайдай тегіс болатын. Ал апат салдарынан кейін асфальттың қазіргі жатқан жері әне анау.

Гүлістан қаласының депутаты Вохид Хасанов «былтырғы апат әлі көз алдымда. Қызыл су басқан аймақтарды бізге көрсеткен халық қалаулысы бөгет шетінен емес, қақ ортасынан жарылғанда салдары мүлдем басқаша болар еді», дейді.

Вохид Хасанов, Өзбекстан ХДП төрағасының міндетін атқарушы:

- Апаттан кейін сарапшылар түрлі зерттеулер жүргізді. Олардың пайымдауынша, бөгет қақ ортасынан жарылғанда Сырдария облысындағы үш аудан ғана емес, одан көп елді мекенге зардабын әкелер еді. Шындығын айту керек, біздің су қоймамыз бен құбырларымыз қалыпты жағдайда болмады. Алдын алу шаралары да уақытылы жүргізілмеді. Енді апаттан кейін барлығын бекітіп, ескі-құсқы құбырлар жаңасына ауыстырылып жатыр.

Қандай апат болмасын, зардабын тек өзбектер ғана емес, қазақ тарапы да тартты. Нақтырақ айтсақ, Мақтаарал ауданындағы бірқатар ауылды су шайып кетті.

1 жыл өтсе де бөгетте қалпына келтіру жұмыстары толық аяқтала қоймапты. Бізге су қоймасын түсіруге жауаптылар рұқсат бермеді. Дегенмен, су деңгейінің төмендегенін айтып, маңайды камерасыз аралатты. Қызыл судың азайғандығын жасырын түсірілімнен де байқауға болады. Қазір төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, жарылған бөгеттің бөлігінде 800 метр болатын дамба салынған. Жөндеу жұмыстарының алғашқы кезеңі аяқталыпты. Ал тасқын су шайып кеткен үйлердің орнына жаңа баспаналар бой көтерген.

Мамараджаб Кунаров, тұрғын:

- Бұл жерде 800-ге жуық жер үй болған. Тасқын су барлығын шайып кетті. Мал да толық қырылды. Қызыл су қатты екпінмен Қазақстан жаққа қарай ақты. Ал адамдар қауіпсіз жерге көшіп үлгерді. Апаттың беті қайтқаннан кейін салдарын жою жұмыстары үлкен қарқынмен жүрді. Шамамен қараша айында бізге жаңа үйдің кілттерін берді. Қазір барлығы тыныш. «Қайта апат болады деген күдік жоқ», - дейді жауаптылар.

Азамжон Куканбаев, Сырдария облысы махалла және отбасыларды қолдау басқармасының заңгері:

- Апат салдарынан Сардоба ауданындағы Дустлик махалласында 648 көппәтерлі тұрғын үй жарамсыз болғандықтан сүрілді. Баспана иелерінің есеп шоттарына 186,6 млрд сом көлемінде өтемақы аударылды. Бұдан бөлек 1850 тұрғын үй толығымен жөнделіп, қайта қалпына келтірілді. Тағы зардап шеккендерге 40 млн сом көлемінде жәрдемақы берілді.

Қазір алты адамның өмірін жалмап, екі ел тұрғындарына үлкен шығын әкелген апатқа қатысты Өзбекстанда тергеу амалдары жүріп жатыр. Бірнеше сараптама тағайындалған. Тергеу амалдарының нәтижесі бойынша бөгеттің жарылуына алып келген үш негізгі себеп анықталды.

Абдулла Кулдашев, Өрт төтенше жағдайлар министрінің бірінші орынбасары:

- Біріншіден су ресурстары министрлігі нысанды жобалауда және салуда жауапсыздыққа жол берді. Сондай-ақ осы су қоймасын пайдалану ережелерін бекітіпеген. Ал белгіленген техникалық және нормативтік талаптар өрескел бұзылған. Су қоймасының жобалық құжаттамасын дайындау процесінде UzGip ұйымы өз еркімен өзгерістер енгізген. Бөгеттің конструкциясы мен сейсмотұрақтылығы жобалық құжаттамада ескерілмеген. Ал мердігерлер болса бөгеттегі топырақтың тығыздығы мен қорғаныш тас қабатының қалыңдығы жобада көрсетілгеннен төмен екендігіне жол берген.

Сардоба су қоймайсын салу кезінде жіберген олқылықтар үшін қазір 17 лауазымды тұлға жауапқа тартылған. Оларға қатысты айыптау үкімі Өзбекстанның Жоғарғы сотына жіберілген. Ал сот отырысы болса, қылмыстық істердің мемлекеттік құпияға тікелей қатысы болғандықтан жабық күйінде өтіп жатыр.

Авторлары: Риат Шони, Санжар Шатуляганов

Хабар 24 телеарнасы