БҚО-да 30 мыңға жуық тұрғын екпе салдырды

Вакциналау шарасына ауыл халқы да белсене тартылып жатыр.

Мәселен, Бәйтерек ауданында 2 мыңға жуық адам екпе алып үлгеріпті. Ауруханада аудан халқына арналған 2 екпе салу бекеті жұмыс істеп тұр. Дегенмен дәрігерлер 60 мыңнан аса халқы бар ауданға апта сайын жеткізілетін екпе саны ұлғайса дейді. Өйткені қатерлі індеттен сақтануды қалайтын тұрғындар саны күн санап артып отыр.

Айта кету керек, аталған өңір әлі «қызыл» аймақта. Тек соңғы тәулікте тағы 155 адамнан қатерлі індет белгілері анықталды.

Асқар Арыстанов, Бәйтерек ауданының тұрғыны:

- Менің ата-анам да екпе салдырды. Әзірге еш жерде жұмыс істемеймін, бірақ екпе салдыруға өз еркіммен келдім. Дәрігерлердің айтуынша, коронавирус инфекциясына қарсы тұрар бірден бір амал осы болып тұр. Сондықтан ғылымның жетістігін пайдалануға шешім қабылдадым.

Айнұр Кенжегереева, аудандық емхана меңгерушісі:

- Қазіргі таңда екпе салдыруға ниетті тұрғындар саны өте көп. Сондықтан ауданға жеткізілетін вакцина санын ұлғайтса артық болмас еді. Біз апта сайын облыс орталығына барып қажет көлемде вакцина әкелеміз. Бірақ ол да аздық ете бастады. Өйткені, эпидемиологиялық жағдай мәз емес қой. Қазір аудандық инфекциялық стационарда 14 тұрғын емделіп жатыр. Екі науқастың жағдайы өте ауыр.