426,05 517.06 5.77
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қызметіне адал азамат

  • 206
  • UPD: 09:01, 02.05.2021

Ақтаулық полицей Дмитрий Кан қазақ тілінде еркін сөйлейді.

Жастайынан спортқа бейім жігіт полиция департаментінің шұғыл әрекет жасағында қызмет етеді. 10 жылдан бері жауапты қызметті абыроймен атқарып жүр.

Кезекші бөлімге шұғыл шақырту келіп түсті. Шұғыл әрекет ету жасағы 3 минутта қару-жарағын асынып, дайын тұруға міндетті. Дмитрий Кан қарулас жолдастарымен бірге талай құтқару операцияларын сәтті аяқтаған. Қимыл-қозғалысы ширақ жігіттің әріптестері қойған лақап аты – Барыс.

Дмитрий Кан, шұғыл әрекет жасағының инспекторы:

– Ішкі істер органдарында 2011 жылдан бастап жұмыс жасаймын. Бұл қызметке жайдан жай келген жоқпын. Елімді, жерімді, отанымды зұлымдардан қорғап, қылмыскерлермен күресу үшін келдім. Мемлекеттік тілді қызмет бабында меңгердім.

Полиция лейтенанты биыл 30 жасқа толды. Қызметтен бос уақытын спорт залда өткізу студент шағынан дағдыға айналған. Айтуынша, қара түсті берет киген соң әрдайым шапшаң әрекет етуге бейім болуы қажет. Атыс қаруынан бөлек қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін шебер меңгерген.

Шұғыл әрекет жасағының әр жауынгері – республикалық спорт біріншіліктерінің бірнеше дүркін жеңімпаздары. Мәселен, Дмитрий Кан қол күресі және бокстан кәсіби тұрғыдан шынығады.

Мирболат Әубәкіров, ПД кәсіби қызметке баулу және дене шынықтыру тобының инспекторы:

– Әр күн сайын осы залда бірнеше сағаттап жаттығу жасаймыз. Көп ұлттан құралған ұжымымыз өте тату. Арамызда кәрістер, қырғыздар, тау халықтарының өкілдері бар. Дмитрийді алғаш көргенде қазақ деп ойладым. Кейін біліп таң қалдық. Әйелі де қазақ ұлтынан екен.

Тепсе темір үзетін жігіттер қоғам қауіпсіздігі күзетінде жүр. Кейбір күнді спорт залда жаттығумен өткізсе, шұғыл қолға қару алып қылмыскерді құрықтауға баратын кезі де болады. Мұндай сәтте әрқайсы адам өмірін сақтап қалу үшін өз басын қатерге тігуге дайын.

Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы