429,33 519.25 5.73
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматы облысында жеті ұлттың өкілін бауырына басып отырған отбасы бар

  • 92
  • UPD: 15:45, 02.05.2021

Баланың бөтені болмайды. Осы қағиданы Алматы облысының Панфилов ауданында тұратын ерлі-зайыпты өмірлік ұстанымына айналдырған.

Берекелі отбасы өздерінің жеті баласымен қатар жеті ұлттың өкілін бауырына басқан. 14 баланың ата-анасы атанған олар бүгінде ұл қызының құрметіне бөленіп отыр.

Әрбір мерекеде қасиетті қара шаңыраққа жиналу – бұл әулеттің бұлжымас қағидасы. Осындай өзіндік дәстүрден жаңылмаған балалары бүгін де арысы Алматыдан берісі Жаркенттен келді. Ұл-қыздардың басқосуы отбасында шағын той іспетті. Әсіресе немерелердің асыр салып ойын ойнап, тақылдап тақпақ айтуы – атасы мен апасы үшін зор қуаныш. 

Алма Смәділкеліні, алтын алқа иегері:

- Немерелерім келгенде өте қуанамын. Ата-апа сағындық дегені бір мәртебе. Мына балалар қалада тұрады. Олар келсе тақпақтарын айтып, қуантып кетеді. Осылардың былдыр-сылдырымен ойнап күліп жүрміз.

Сәбит аға – ауылда ең алғашқы болып шаруашылық ашқандардың бірі. Тоқсаныншы жылдардың тоқырауында кәсібін он үш қоймен бастап, он жылда ұсақ мал санын мыңнан асырған. Еңбекқор жан балаларын да шаруаға бейім қылып өсірді. Қазір олардың қолынан келмейтіні жоқ. Бірі таға жасап, етіктің табанын шегелеп, келесісі техника жөндейді. Көктемгі егістік пен шабындыққа қажетті құрылғыларды дайындау да – солардың міндеті.

Дәурен Сәбитұлы, ұлы:

- Әкеміз балаларды кішкентайынан кішкентай деген жоқ. Еңбекке баулыды. Үлкен демейміз, кіші демейміз. Жұмыс келді ме, барлығымыз атқарып тастаймыз.

Сәбит аға мен Алма тәтенің қамқорлығында өскен балалардың бірі – 27 жастағы Николай Попков. Оның осы үйде тұрып жатқанына он бір жыл болған. Отбасына әбен сіңісіп, толыққанды мүшесі болып кеткен ол енді өз алдына шаңырақ көтермек.

Николай Попков, ұлы:

- Машина алып берді. Бір емес, екі. Мото алып берді. Мал беріп жатыр. Үй алып берем деді. Сол кісі болмаса білмеймін, менің тағдырымның не боларын. Сол кісіге рақмет.

Берекелі отбасы неміс, кәріс, ұйғыр, орыс сынды бірнеше ұлттың өкілін бауырына басқан. Балалары түгел жиналғанда үйге сыймай кетеді. Тағдыр тәлкегіне ұшыраған жетімдерді бір шаңырақ астына біріктіріп, ел қатарына қосуды Сәбит ағаға әкесі аманаттаған екен. 

Сәбит Қойбағаров, отағасы:

- Біз де жетім өстік. Сен сол жетімге қамқор бол. Сен үлкен азамат боласың, сол кезде балаларды бағып ер жеткізсең, Құдайдың сауабы мол болады деді. Кейін жеке шаруа қожалығын құрып, жағдайым оңала бастағанда сол әңгіме құлағыма келді.

Тұрдалы Өмірбаев, ауыл тұрғыны:

- Сәбит – ауылымыздың атпал азаматтарының бірі. Өзінің жеті баласынан басқа орыс ұлтының өкілдеріне мейірімін төгіп, сол балаларды өз баласындай көріп отыр. Бұл сатып алуға болмайтын дүние. Бұл тек қана Құдайдың берген қасиеті. Сәбитке мал беріп, дәулет беріп отырғаны осы пейіліне ғой деп ойлаймын.

Отағасы үйдің ауласын да ерекше әсемдеген. Есік алдына атқа жегілетін көне соқа қойып, қылқанжапырақты ағаштарды отырғызған. Сан түрлі бұйымдардан құрастырылған әткеншек, балаларға арналған үйшіктер, ойын алаңы барлығы үйлесіп, кішігірім саябақ сияқты болып тұр. Ал бір шаңырақ астында басқосқан отбасы татулық пен адалдыққа негізделген бірнеше ұлт өкіліне пана болған ортақ отанымыздың шағын үлгісіндей.

Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы