424,94 504.55 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қостанай облысы соғыс жылдары өзге ұлттың өкілдеріне құтты мекенге айналған

  • 183
  • UPD: 20:21, 02.05.2021

Екінші дүниежүзілік соғыс тұсында Қостанай облысының Меңдіқара ауданына Поволжье, Кубань, Донбасстан бес жарым мыңдай адам қоныс  аударды. Қазір олардың ұрпақтары осы қазақ жерін мекендеп қалған. Солардың бірі Боровской ауылының тұрғыны Вера Кожуховская ұстаздар әулетінің жолын жалғастырушы. Ол ауылға аса қажетті мамандар дайындайды.

Ата-анасының қазақ еліне қоныс аударған жылдарын еске алса Вера Кожуховская көз жасына ерік береді. Меңдіқара ауданына келгенде олар әлі бала болатын. Әкесінің ұлты неміс. Саратовтан еді. Ал анасы батыс украиналық поляк. Қазақстан өзге ұлт өкілдері үшін екінші отанына айналды. Олар осында білім алып, отбасылы болды.

Вера Кожуховская, кәсіби техникалық колледж директоры:

- «Аштық пен қуғын-сүргін қасіретін көрсе де кең пейілді қазақтар бізден көмегін аяған жоқ» дегенді ата-анам құлағыма ылғи сіңіріп отыратын. Әкемнің әулетіндегі туыстарым ұстаз болатын. Олар қазақ топырағында жоғары білім алып, биік жетістіктерге жетті.

Вера Кожуховскаяның өзі де мұғалім. Әкесі дәріс оқыған колледжді басқарып, шәкірттерге сабақ береді. Кезінде механизация мектебі болған білім мекемесі қазір кәсіби техникалық колледж саналады. Мұнда ауыл үшін аса қажетті мамандар даярланады.

Александр Кашарин, кәсіби техникалық колледж директорының орынбасары:

- Болашақта жерігілкті шаруа қожалықтарында еңбек ететін газбен дәнекерлеушілер, механизаторларды дайындаймыз. Оларға сұраныс қашанда жоғары. Жұмыс берушілер түлектеріміз туралы үнемі жылы сөздер айтып тұрады.

Колледжде 460 студент білім алады. Оларды аудандағы шаруашылықтар жұмысқа қуана қабылдайды. Қыздар да жігіттерден қалыспай, күрделі мамандықты таңдауға құштар.  

Анастасия Кононович, студент:

- Электр монтаждаушының оқуына түстім. Бұл мамандыққа бұрыннан қызығатынмын. Осы Меңдіқара ауданында тәжірибеден өтіп, жұмысқа орналасуды көздеймін.

Осында жер аударған ата-бабаларына еліктегісі келетін жастар аз емес. Себебі украин, поляк, шешен, грек және немістер ұдайы еңбек озаттары қатарынан көрінетін.     

Владимир Леонов, Меңдіқара ауданының құрметті азаматы:

- Олардың арасында еңбек озаттары, түрлі орден иегерлері көп болатын. Тың және тыңайған жерлерді игеруге белсене атсалысты. Соғыстан кейін жылдары аудан экономикасының дамуына айрықша үлес қосты.  

Жалпы соғыс жылдары Меңдіқара ауданы бес жарым мыңдай адам үшін құтты мекенге айналды.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы