Жамбыл облысының Қордай ауылында сабынның түр-түрін жасайтын мектеп мұғалімі бар, деп хабарлайды «Хабар 24».
Ұстаз жан-жануарлардың, ертегі және мультфильм кейіпкерлерінің бейнесін қолдан құяды. Сабын экологиялық таза өнімдерден жасалады. Отандық тауарға сұраныс та артып келеді. Кәсіптің көзін тапқан мұғалім дүкен ашып, өз ісін дөңгелетіп отыр.
Бұл идея Жансұлудың бала күтіміне байланысты демалысқа шыққанда пайда болған. Нәрестелі болуымен құттықтап келгендерді үйден құр қол шығармайын деп, оларға ерекше сыйлық жасамақ болыпты. Құйылған сабын жұрттың қызығушылығын арттырып, бірте-бірте сұраныс көбейген. Кейін жолдасымен ақылдаса келе, жеке кәсіп бастауды жөн санапты.
Жансұлу Мұқатова, кәсіпкер:
- Арнайы осындай дайын тұрған сабын. Біз тек қана оған иіс береміз. Түс береміз және белгілі бір форма береміз. Мысалы мына формада байқасаңыздар, өзіміздің кәдімгі жейтін булочка дейміз ғой. Плюшка. Осыны шығарғаннан кейін кәдімгідей әрлейміз. Не оның шын екенін, не сабын екенін ешкім айыра алмайды.
Мына балта, балға, ара жылқы, құс, қуыршақ, тәтті тоқаш. Бұл сіз ойлағандай ойыншық немесе тәтті тағамдарды сататын дүкен емес. Сөреде тұрған кәдімгі күнделікті жуынуға пайдаланатын сабындар. Жансұлу Мұқатованың өзі жасаған өнімді сату үшін ауылдан ашқан дүкені. Оның сабындарын балалар да, ата-аналар да қызығушылықпен пайдаланады.
Бейсехан Алмасбеков, Қордай ауылының тұрғыны:
- Таптырмайтын құрал болып отыр. Қазіргі кезде пандемия өршіп тұрған кезде ойнап келеді жүгіріп. Кір-кір болып келеді. Жәй сабынмен жуындырсаң жылап өкіріп, бақырып жатады ғой. Ал мынамен өздері ойнап отырып-ақ ешқандай қиындықсыз өздері жуынып-шайынып алады.
Жансұлу кәсіпті үйде отырып-ақ дөңгелетіп отыр. Ең бастысы, экологиялық таза отандық өнім. Сабынды кәдімгі микротолқынды пеште қайнатады. Тауарды 3-тен 7 жылға дейінгі мерзімде сақтауға болады. Қазір мемлекеттен қолдау алу үшін байқауға қатысуға жобасын әзірлеп жатыр.
Жансұлу Мұқатова, кәсіпкер:
- Бұл сабын ісіне байланысты менің жоспарым өте көп. Бір ай бұрын жеке кәсіпкерлігімді аштым. Ендігі міндетті түрде болашақта мемлекеттен грант ұтып алып, үлкен цех дейміз, әйтеуір жер ашып, көптеген адамдары үйретіп, соның барлығына жетеміз деген ойдамыз.
Қазір кәсіпкер сабын шығару ісін үйренем деушілерге онлайн сабақ береді. Бейнетүсірілім арқылы кәсіптің құпияларымен бөлісіп, кәсіпкерлікке баулиды. Бүгінде еліміздің әр өңірінен 19 шәкірті бар.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә