Ақтауда «Біздің ауламыздың чемпиондары» атты әлеуметтік жоба қолға алынды

Онда Маңғыстау облысы бойынша 65 аула клубы қамтылып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

24-і облыс орталығында, қалғаны Мұнайлы ауданы мен Жаңаөзенде орналасқан. Ашық ауада футбол, волейбол және баскетболдан жаттығулар тегін түрде жүреді. Бапкерлердің денін зейнет жастағы азаматтар құрайды. Жоба аясында қала, ауданаралық жарыстар да өтіп тұрады.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Олег Моисеевті 28-ші шағын аудан тұрғындары жақсы таниды. Әсіресе, спорт десе ішкен асын жерге қоятын балалар күнде кешкісін ойын алаңына жиналып, бапкерін күтеді. 68 жастағы зейнеткер ұлдар мен қыздарды бірдей жаттықтырады.

Наз Бисенбек, қала тұрғыны:

- Өте керемет тренер. Ол бізді көп затқа үйретеді. Мысалы, допты ұстап-лақтыруға және де волейболға. Көптеген балаларды осы жақта ойнатады. Достармен бірге ойнаймыз. 3 сағат бірге боламыз.

Олег Моисеев теңіз суын тұщытатын комбинатта еңбек еткен. Жастайынан жүгіріп, салауатты өмір салтын ұстанған. Зейнетке шықса да, қысы-жазы аулада серуендеу әдетінен жаңылмапты. Бастапқыда өзі тұратын шағын аудан балаларын спортқа баулиды. Көп ұзамай көрші ықшам ауданда тұратын жеткіншектер бірінен бірі естіп, келе бастапты.

Олег Моисеев, қала тұрғыны:

- Ұлдар мен қыздар басында бөлек команда болып жаттығатын. Қазір араласып футбол, баскетбол ойнайды. Ата-аналарын кешкілік қолы боста осында келуге шақырамын. Дене жаттығуларын бізбен бірге жасап, тым болмаса аулада өтетін жарыстарға жанкүйер болса деймін. Өзгелерге де, балаларға да үлгі болар еді.

Осылайша, бапкер атай аптасына 4 рет 1,5-2 сағаттан жаттығу өткізіп тұрады. Ісі өзгелерге үлгі зейнеткерді «Біздің ауламыздың чемпиондары» әлеуметтік жоба жетекшісі арнайы іздеп келіп, танысыпты. Рұқсатын алып, командаға қосқан. Әсия Ідірістің айтуынша, қазір Ақтау, Жаңаөзен мен Мұнайлы ауданының әрбірінде 20-дан астам спорт алаңы осы жобаға қатысады.

Асия Ідіріс, жоба жетекшісі:

- Өз басым және барлығымыз да спортсүйер атайды үлгі тұтамыз. Спорт алаңын қараңыздаршы, тап-таза. Сынған бір жері жоқ. Біздің көздегеніміз де осы. Ойын алаңқайларын күтіп ұстау әрі бос тұруына жол бермеу. Мұнда жаттығатын балаларды өз үйінің мүлкі ретінде қарауға үйретіп келеміз. Осылайша, Ақтаудағы 24, Жаңаөзен мен Мұнайлы ауданындағы 21 спорт алаңдарын өз бақылауымызға алдық.

Аула чемпиондары кезекті жарысқа қызу дайындық үстінде. Жуық арада әр елді мекенде пионербол мен волейболдан спорттық сайыстар өтеді. Үздіктері кейін Ақтауда бас қосады. Әр команданың өз бапкерін жерге қаратпауға барын салары анық.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев