424,44 504.55 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Атырау облысының Қызылқоға ауданында жайылым тарылып барады

  • 277
  • UPD: 18:34, 03.05.2021

Малшылардан маза кеткен. Жерді жалға алған шаруа қожалықтары ауыл малының жайылуына рұқсат етпейді.

Оған қоса, жауын-шашынның аздығынан жер де тозып біткен.

Қызылқоға ауданының төрт түлігі бұрынғыдай күйлі емес. Тозып кеткен жайылымның өзі тарыла бастаған. Ауыл малшылары қой-ешкісін айналдырған 10 шақырымнан асып жая алмай отыр. Себебі жерді жалға алған шаруа қожалықтары жайылымға рұқсат бермейді. Одан қалса, өзіне тиесілі жерді қоршап та алған.

Қанарбек Қалиев, Миялы ауылының тұрғыны:

– Осы жерге жаямын, осы жер – Миялының жері. Ана жақтың бәрі жеке қожалықтың жерлері, Ойылдан әрі қарай. Біз осы айналаға жаямыз. Кілең мал жайылатын жер ғой. Миялының қой, сиыры жайылады. Жылқысы жайылады. Арғы жақтың бәрі қожалықтар. Жердің бәрін алып тастаған ғой.

Зардап шегіп отырған Миялы ауылының тұрғындары ғана емес. Сағыз ауылында да бұл мәселе белең алған. Тіпті көрші ауданның шаруалары Сағыз ауылының жеріне малын жайып отыр. Соның салдарынан жайылым тарылып, жер тозған.

Нұралы Әбишан, Сағыз ауылдық округінің әкімі:

– Бұл мәселені аталған шаруа қожалықтарымен сөйлесіп, ескерту бердік. Алайда осы уақытқа дейін сол ескертуден нәтиже болмай отыр. Біз енді жоспарлап отырмыз. Арнайы комиссия құрып, тиісті органдарды қатыстыра отырып, манағы қожалықтың заңсыздықтары бойынша тиісті шаралар ұйымдастыратын боламыз. Малын өзгенің жеріне заңсыз баққаны үшін арнайы заңмен көзделген шаралар бар. Сол шараларды қолданатын боламыз.

Жауаптылардың сөзінше, бұл күрмеулі мәселе көп ұзамай шешім таппақ. Жауын-шашынның аз түсіп, Ойыл, Сағыз өзендеріне су келмеуі салдарынан да шаруалар тығырыққа тіреліп отыр. Биыл да қысқы мал азығын дайындау қиындық тудыра ма деп қорқады.

Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин

Хабар 24 телеарнасы