Өркениеттен жұрдаймыз – Тараздағы Жамбыл көшесінің тұрғындары

Жұрт облыс орталығында тұрып жол, кәріз, жарық, су, балалар ойнайтын алаң жоқтығына наразы.

Бейберекет салынған құрылыс нысандарының кесірінен көше тарылып, арық-атыздар көміліп қалған. Көптің айтуынша, құрылыс нормаларын қадағалап, жөнге келтіріп жатқан ешкім жоқ. Тұрғындар қалалық әкімдіктің табалдырығын тоздырып шаршаған.

Тектұрмас этно-тарихи кешені аумағындағы Жамбыл көшесінде айта берсең мәселе көп. Мұндағы нөмірі бірінші проблема – жол. Ол 30 жылдан бері жөнделмеген. Жауын-шашын болса, көше суға толып, лай-батпаққа айналады. Былтыр көшенің бір бөлігі жөнделіп, 84-ші үйден жоғары қарай асфальт төселмей кеткен. Бұл тұрғындардың наразылығын тудырды.

Сәкен Нұрманбетов, қала тұрғыны:

– 5-6 жылда екі рет асфальт салды. Соның бәрі жемқорлық. Бұл Үкіметтің бөлген ақшасын аяғына дейін бітірмей, елдің бәрін әбігерге түсіріп қойды. Жазда, қыста жүре алмаймыз, көктемгі күзгі уақытта.

Сапарғали Ақылбеков, қала тұрғыны:

– Әкімдікке барып көріп едік. Сіздер жақтың бәрі түгел асфальтталды. Келесі жылға ешқандай қаржы жоқ деді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікке звондадым. Келіп көріңдерші, жарты көшені асфальттады да, жартысы асфальттанбады. Сөйтсем, біз жаққа келіп арыз жазыңыз, одан кейін тексерем дейді.

Бұл аумақтағы тағы бір мәселе – ауызсу. Былтыр көшеге су тартамыз деп құбыр жүргізілген. Бірақ ол жұмыстар да аяқсыз қалыпты.

Бота Мекемтасқызы, қала тұрғыны:

– Сөйтті де екі-үш сағаттан кейін жаба салды. Неге жауып жатырсыздар? Үйме-үй тартатын құбыры қайда дегенде, екі сағаттан кейін, екі күннен кейін келеміз деп кетті. Содан жоқ. Қанша уақыт болды? Бір жыл болды. Мұны сонда не үшін қазып кетті. Көзбояушылық па бұл сонда?

Тұрғындар мына қуыс жолға да шағымданып отыр. Осы жермен күнделікті мектеп пен мешітке қатынайды. Айтуларынша, кезінде бұл көлік жүретін жол болған. Кейін жердің қожайыны кірпішпен қоршап тарылтып тастапты. Ал оның заңды, заңсыз екенін тексеріп жатқан ешкім жоқ дейді олар.

Аманжол Байғашов, қала тұрғыны:

– Осы жерден мектепке балалар қатынайды. Көшенің балаларының бәрі осы жермен өтеді. Ит-құс, ішіп алғандар осы жерде отырады. Мүмкіндігі шектеулі жандар жерден жүре алмайды. Қыстың күні мынаның бәрі мұз болып жатады.

Ал мынау аялдаманы жолдың қақ ортасына салып кеткен.

Бақыт Тілеуімбеков, қала тұрғыны:

– Машинамен жүретін жер ғой. Мына жерді жауып тастаған түгел. Остановка қойып қойған. Оның терезесінің бәрі сынып кетті. Мына жерде арық бар етін. Ана жер. Оның бәрі жабылып қалды.

Осындай бейберекетсіздік пен әкімдік тарапынан кері байланыстың болмауынан мезі болдық дейді тұрғындар. 

Аманжол Байғашов, қала тұрғыны:

– Біз барып айтамыз. Одан кейін екі айдан кейін әкім ауысып кетеді. Кімге айтамыз. Арызымызды да жаздық. Осы елдің бәрі жазып жатыр. Әкім ауысып кетеді де, бәрі далада қалады. Талай бардық. Қалаға бардық.

Мән-жайды анықтау үшін әкімдікке хабарластық. Шу шыққан көшеге бірінші болып қала басшысының орынбасары жетті. Тұрғындармен сөйлесіп, жағдайды түсіндіруге тырысты.

Асхат Есенәлиев, Тараз қаласы әкімінің орынбасары:

– Биылғы жылы сіздердің қаражаттарыңызды қойдық. Жамбыл көшесі, арғы жақтағы екі бұрылысымен айтып отырмын. Осы екі жерге асфальт жасаймыз. Ақшасын қарап қойдық. Бюджетпен бекітіп қойдық.

Қала әкімі орынбасарының сөзіне сенсек, биыл қала бойынша 50 шақты көше асфальтталмақ. Оған 1,6 миллиард теңге қаражат бөлініп қойған көрінеді. Ал бейберекет құрылыс пен арықтардың көмілуін әкімдік өкілі тұрғындардың өздерінен көрді.

Асхат Есенәлиев, Тараз қаласы әкімінің орынбасары:

– Арықтың бәрін жауып жатқан тұрғындар. Бұрын арықтар болды. Соның бәрін бері қарай заңсыз шығарып жатыр.

тұрғын:

– Мынау кісіні танимын. Басқа адам келді де, сол жерден үй салып алды. Біз оны танымаймыз да. Есігінің алдына кіргізбейді де. Қаланың әкімдігінен адам келмесе, оны кім істейді сонда. Біз соны айтып жатырмыз.

әкім орынбасары:

– Ондай мәселемен біз айналысып жатырмыз. Жер мен архитектура. Он шақтысын сотқа беріп қойдық. Шетінен процесті жүргіземіз.

Өлшейміз, шешеміз, тындырамыз. Тиісті шара қолданамыз. Тұрғындар бұл үнемі еститін бір сарынды әуен дейді. Яғни уәдеге күмәнмен қарайды. Дегенмен халық мәселені көтерді. Біз жеткіздік. Ал енді ол шешіле ме, шешілмей ме бұл уақыт еншісінде.

Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә

Сондай-ақ...