«Спутник V»: екінші дозаны 90 күн ішінде алуға болады

«Спутник V» вакциналау кестесіне өзгерістер енгізілді.

Яғни аталған екпенің бірінші және екінші компоненттерін енгізу аралығы 45 күннен де асуы мүмкін. Мәселен, егер 45-ші күні екінші компонентті салдыру түрлі жағдайға байланысты мүмкін болмаса, 90 күн ішінде вакциналауға рұқсат етіледі.

Айта кетейік, әлемде коронавирусқа қарсы жаппай вакциналау жүргізгеннен бастап, бұл тәжірибе әлемнің көптеген елінде қолданылған. Қазір Ұлыбритания да екпе егу жоспарын өзгертті. Егер бұрын вакцинаның екінші дозасын біріншісінен 21 күн өткен соң салу жоспарланған болса, қазір аралық мерзімі үш айға дейін созылды. Францияда 4 аптаның орнына 6 аптаға дейін ұлғайтылды. Ал Ирландия жақын күндері COVID-19 вакцинасының бірінші және екінші дозалары арасындағы аралықты төрт аптадан 12 аптаға дейін ұзартуды жоспарлап отыр. Бұл нені білдіреді? Ғылыми зерттеу екі дозалы вакцинаның алғашқы дозасы вирус жұқтыру және ауру көрсеткіштерінің төмендеуіне оң әсер ететіндігін растаған. Сонымен бірге, екінші дозаны кейінірек 45 күннен 90 күнге дейін жүргізу иммундық қорғаныстың ұзақтығын қамтамасыз етеді.