Өмірі мен еңбек жолы өнеге болған ел анасы

Адал еңбек абыройға бөлейді. Бұл Алматы облысының Панфилов ауданында тұратын еңбек ері Күләш Айтжанованың өмірлік ұстанымы.

Сексеннің сеңгіріне шыққан даңқты жүгеріші соғыс жылдары мен қайта құру кезеңін және тоқсаныншы жылдардың тоқырауын бастан өткерген. Ел анасы Тәуелсіздікті тәңірдің берген сыйы деп біледі.

Жастайынан жетім қалған Күләш Айтжанованың балалық шағы отты жылдармен тұспа тұс келді. Бұғанасы бекімей жатып, ауыр жұмысқа араласқан. Небәрі он үш жасында үлкендермен қатар фермада еңбек етті. Кейін жүгері өсіріп, тракторды тізгіндеді. 

Күләш Айтжанова, еңбек ері:

- Шошқа бағып көргенім жоқ. Сахманшы болып көргенім жоқ. Одан басқаның бәрі істедім. Сауыншы да болдым жастарды ұйымдастыру үшін. Қай жерге жіберді, мен сол жерде болдым.

Қай салада болмасын, Күләш Айтжанова жоғары нәтижеге қол жеткізе алды. Еңбек өнімділігін арттырып қана қарамағындағы жұмысшылардың қамын күйттеді. Тың бастама көтеріп, жұпыны тұрмыстағыларға жайлы жағдай жасауға ықпал етті.

Күләш Айтжанова, еңбек ері:

- Жеті адамға үй салдырдым. Әлі күнге дейін отыр. Қазір Күләш апа деп ұйғыр қазағы әкесін көргендей бас салады. Екіншіден скл үлкен шығанға балабақша салдырам дедім. Ауданға айттып, облысқа айттым. Мені қолдады. Балабақша салды. Қазір балабақша жұмыс істеп жатыр. Мектеп салдырдым. Керемет мектеп болды. Ол мектеп тар болып қалды. Осыдан үш жыл бұрын үш қабатты мектеп салдырдым.

Күләш Айтжанованың еселі еңбегі 32 жасында ақталды. Білікті маман іскер ұйымдастырушыға сол кездің ең жоғарғы марапаты Социалистік еңбек ері медалі табыс етілді. 

Күләш Айтжанова, еңбек ері:

- Құдайдың берген ырыздығы шығар. Халқымның мені сыйлағаны, Алланың қолдағаны шығар. Қарапайым еңбегіммен жұлдыз тағып, кеудемді керіп отырам деп ойлағам жоқ. Енді отыз жылдық оңайлықпен келген жоқ. Қанша қиындық, қанша ауырлық. Қазақтың басынан не өтпеді.

Өмірі мен еңбек жолы өнеге болған ел анасы қазір қоғамдық шараларға белсене араласады. Жастарға ақылын айтып, немерелерінің тәрбиесіне де жіті көңіл бөліп келеді.  

Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев