Баянауылда мектеп оқушыларын ат спортына баулитын үйірме жұмысын бастады

Онда балалар ат баптаудың қыр-сырын меңгеріп, көкпар, аударыспақ, теңге алу сынды ұлттық ойындарды үйренеді.

Жас шабандоздар аптасына 4 рет жаттығады. Оның екі мезгілі спорт залда дене шынықтыруға арналса, қалған күндері жаттығулар таза ауада өтеді.

Ұстаз әрі төреші. Шәкірттерді ұлттық ойындарға баулып жүрген Ардақ Жақыпов шабандоздардың жетістікке жетуі, көп жағдайда, атқа байланысты екенін айтады. Ол үшін айла, әдіс-тәсілдерді ұтымды қолдана білу керек.

Көкпар мен аударыспаққа белді, әлді әрі ірі аттар таңдалады. Сабақ барысында жеткіншектер атбегілікті де меңгереді.

Ардақ Жақыпов, жаттықтырушы:

– Бұл аттарды біз күнделікті мініп отырамыз. Атты аяңдатып, күнделікті жүрісте болуы керек. Себебі ойында көп қиналып қалмау керек. Тарағанды, аунатып, суарып жем беретін өз уақыты болады. Қай уақытта міну керек. Қай уақытта неше сағаттай суыту керек атты. Баптап мінген дұрыс деп ойлаймын.

Жас шабандоздар жуырда облыстық турнирге қатысып, тоғыз баланың алтауы бірінші орынға ие болған. Қазір ат спорты үйірмесіне 20 бала барып жүр.

Нұрмұхамед Рахметолла, оқушы:

– Күнде дайындық, соның барлығына дайындық болып жүр. Осы жолы Павлодарда жарыс болды, ағайымыз апарып, бірінші орын алдым. Қатты ұнайды, кішкентай кезімізден атқа құмармыз ғой.

Ардақ Жақыпов, жаттықтырушы:

– Бұл аттың аты – Құсқағар. Екі жылдай болды, бұл атпен өзім өнер көрсетем және оқушыларым жарыстарға қатысады. Бұл шабуылдың аты көбінесе серкені іліп, қашып сауын салатын ат.

Құсқағарды тізгіндеген Ардақ Жақыпов облыстық құрамада өнер көрсетеді. Ол таза ауадағы жаттығулардың тиімділігі жоғары екенін айтады. Серуенге шыққанда ғана балалар аттың сырын ұғынып, мінезін таниды.

Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов