СҚО-да үйі өртеніп кеткен тұрғындарға көмек беріледі

Қазір зардап шеккендерге қаржы жинайтын қор құрылды.

Кеше Желяково ауылында өрт шығып, қатар тұрған 6 үй жанып кеткен еді.

Үйі өртеніп кеткендердің бірі – Любовь Глазовская. Өрт шыққан кезде қонақта болған. Ана жүрегі бірдеңе сезгендей, алып ұшып үйіне жетіп, ұйқыда жатқан баласын оятып алады.

Любовь Глазовская, ауыл тұрғыны:

– Кейін балам жанып жатқан үйге құжаттарды іздеуге кіріп кетті. Мен де терезелерді сындырып ішке ендім. Жиендерім келіп екеумізді шығарып алды. Қалғаны есімде жоқ.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

– Тұрғындардың айтуынша, қаз-қатар тұрған үйлер 10-15 минутта жанып кеткен. Қатты желден шөптің шоқтары жан-жаққа ұшырап, жолдың арғы бетіндегі үйлер мен қораларға да түскен.

Сағындық Әйтеевтің әйтеуір, үйі жанған жоқ. Өрт сөндірушілер келіп үлгерген. Бірақ қалғаны тып-типыл болды. Қазір малы далада жүр.

Сағындық Әйтеев, ауыл тұрғыны:

– Көршінің шөбі болды. Шөпті жел көтеріп, шар болып келді маған. Біз мына жерді өшіргенде, басқа жерде басталды. Біз көрген жоқпыз. Осылай күйіп кеттік.

Бұл оқиға халықтың басын біріктірді. Оқиға орнында қарапайым тұрғындар, белсенділер, өрт сөндірушілер мен жергілікті билік өкілдері жүр. Зардап шеккендерге киім-кешек, төсек-орын, азық-түлік таратылды. Сонымен қатар әр отбасыға 100 АЕК көлемінде қаржылай көмек беріледі.

Жанат Сәдуақасов, Қызылжар ауданының әкімі:

– Қазір осындамыз. Зардап шеккендермен сөйлестік. Кімге не керек, сұрап білдік. 2-3 аптаның ішінде бәрін қалпына келтіреміз. Сонымен қатар қор ашылды. Бәрі де бей-жай қалмай, көмек қолын созып жатыр.

Қазір далада қалған екі отбасыға үй алу жағы қарастырылып жатыр. Ал жалғыз тұрған бір зейнеткер қарттар үйіне баруға келісім берген. Болжам бойынша, өрт ауыл шетінде жанып жатқан шөптен шыққан.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев