429,33 519.25 5.73
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Талдыкөлдің тағдыры не болмақ?

  • 41
  • UPD: 09:05, 04.05.2021

Елордадағы Талдыкөлдің айналасы таяу жылдары адам танымастай өзгереді. Аталған аумақта еліміздегі алғашқы табиғи саябақ салынады. Бұл не үшін қажет? Құрылыстан құстар безіп, ландшафт бұзылмай ма? Бұған әкімдік өкілдері жауап берді.

Ал экологтар болса, Талдыкөлдің маңында нысандар салу дұрыс емес екенін айтып отыр.

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

- Елордада екі экологиялық саябақ пайда болады. Оның бірі Майбалық көлінің қасында, екіншісі үлкен Талдыкөлдің маңында. Осы үлкен Талдыкөлдің айналасында жалпы аумағы 5700 гектар жерде қорық және орман саябағы пайда болады.

Бұл не үшін қажет болды? Қала қазір өсіп барады. Ал экологиялық орта жоқтың қасы. Сондықтан осы мақсатта жалпы Талдыкөлдің маңын дамыту жоспары қолға алынды. 

Елдос Сахариянов, «Астана Бас жоспары» мекемесі шеберханасының жетекшісі:

- Үлкен Талдыкөлді 200 шақты құс мекендейді. Сондықтан ол жердің табиғатын сақтауды көздеп отырмыз. Оның аумағында болашақ биолог, орнитологтар мен экологтар үшін білім беру орталықтарын салу жоспарлануда. Осылайша қала қызыл кітапқа енген жануарлар мен құстардың табиғи ортасын сақтауға мүмкіндік алады.

Тек биолог, экологты оқытатын орталық ғана емес, Үлкен Талдыкөлдің айналасында күні ертең жаяу жүргіншілерге арналған жол, визит орталық, жаңа нысандар салынады. Ал ылғалды жерде бой көтерген ғимарат қаусап, құлап қалмай ма?

Арсений Пирожков, «Астана Бас жоспары» мекемесі бас директорының орынбасары:

- Нысанды кез келген жерде салуға болады. Мәселен, Біріккен Араб Әмірліктерінде ғимараттар құмның үстіне салынған. Яғни экономикалық тиімділігі болса, көлдің айналасында да нысандар салуға болады. Құлап кетеді деп алаңдауға негіз жоқ.

Ал кіші Талдыкөлдің айналасы қаланың ықшам құрылысының жоспарына сәйкес абаттандырылады.

«Су айдыны сақталады» дейді әкімдік басқармасының басшысы. Бірақ экологтар «Талдыкөлдің айналасына құрылыс жүргізудің қажеті жоқ, мұнымен табиғатты құртамыз» деп отыр. 

Руслан Оразалиев, Биоалуандылықты сақтау қауымдастығының ғылыми қызметкері:

- Қала билігінің елорда аумағын дамыту жөніндегі бастамасы негізсіз деп ойлаймын. Шаһарды табиғи ландшафтты құрту арқылы дамытуға болмайды. Бұл мәселе бойынша әкімдік томаға тұйық отыр. Ашықтық жоқ. Еститін құлақ болса, біз Талдыкөлдің аумағын қалай игеруге болады деген мәселені талқылап, пікірмізді айтуға дайынбыз.

Майбалық көлі де дамытылады. Бұл жерде Үлкен Талдыкөлден соң екінші экопарк салынады. Бұдан бөлек саябақта балық аулауға арналған жасанды су қоймасы, веложол, спорт алаңдары пайда болады. Одан соң ат клубын ашу жоспарда бар. Яғни келешекте Майбалықтың аумағында жылқыға мініп серуендеуге болады. Ал көлдердің айналасын дамыту жобасы өз-өзін қаншалықты ақтайды? Оны уақыт көрсетеді. 

Қорған Қонысбайұлы, Ерзат Зайытхан, Ержан Рахманбердиев

Хабар 24 телеарнасы