«Хабар 24» арнасының қызметкері халықаралық премия лауреаты атанды

«Хабар 24» телеарнасының бас редакторы халықаралық премияның лауреаты атанды. Жасын Біркенов Өзбекстанда дәстүрлі түрде өтетін «Алтын қалам» ұлттық байқауының жеңімпаздар қатарына еніп, қошеметке бөленді. Марапаттау рәсімі Халықаралық сөз бостандығы мерекесі қарсаңында өтті.

БАҚ өкілдері арасындағы ең беделді марапат саналатын «Алтын қалам» ұлттық премиясы биыл 15-мәрте табысталды. Бұл марапат үздіктерге, мықтыларға, озықтардан озып шыққандарға бұйырады.

Мәртебелі сыйлыққа лайық деп танылған үздіктердің ішінде бас редактор Жасын Біркенов те бар.

Колмурад Салимов, Өзбекстан шығармашылық одағы төрағасының орынбасары:

- Бүгін 4 шетелдік журналист лауреат атанды. Солардың ішінде «Хабар 24» арнасының бас редакторы да озып шықты. Ол осындай үлкен дәрежедегі халықаралық премияны алып отырған алғашқы қазақстандық тілші екенін айтып кету керек. 

Бұл төккен терге берілген тегін бақ емес. «Алтын қалам» мүсіншесін алып, төсбелгі таққан әріптесіміз соңғы бір жарым жыл арнамыздың Ташкенттегі меншікті тілшісі болып жұмыс істеді. Осы уақыт аралығында қаламы қарымды журналист өткір де өзекті мәселелерді қаузап, бірқатар проблеманы көтерген. Мәселен, қазақстандық ұнның қабын қолдан жасап, тұтынушыларды алдап жүрген кәсіпкерлерді әшкереледі. Сондай-ақ қазақстандық тілшілердің алғашқысы болып Сардоба дамбасы жарылғанын хабарлады. Жасын Біркенов пандемияның кесірінен қазақ–өзбек шекарасынан өте алмай, далада түнеп жүрген мигранттар жайында да жазды. Ал ертесін көрші ағайын кеден бекетін ашып, азаматтарды өткізгенін айта кету керек.

Жасын Біркенов, «Хабар 24» телеарнасының бас редакторы:

- Өзбекстан соңғы 5 жылдың ішінде Қазақстан аудиториясы үшін өте қызықты болып жатыр. Өйткені бұл мемлекетте көрші ағайындар талай реформа жүргізіп жатыр. Оны біз көріп жатырмыз, оны біз көрсетіп жатырмыз. Бұдан қала берді енді көкейкесті мәселелер де бар шешімін таппай жүрген. Осындай өзекті мәселелерді бізі көрсетіп, өткір репортаждар жасап жүрміз.

Жалпы «Хабар» Агенттігінің» Өзбекстандағы тілшілер қосыны 1998 жылдан бері бар. 

Авторлар: Риат Шони, Санжар Шатуляганов