Қазақстанда көлік иелерінің салыққа берешегі 30 млрд теңгеден асады

Қазақстандықтар көлік салығына 30 миллиард теңге берешек, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның 27 миллиарды негізгі қарыз. Қалғаны өсімпұл есебінен қосылған. Бұл туралы Қаржы министрлігінің кірістер комитеті жариялады. Көлік салығын төлеуді кейінге қалдырып жүргеннің көбі алматылықтар екен. Ел бойынша берешегі ең көп өңірлердің тізімін осы мегаполис бастап тұр. Шаһар тұрғандары көлік салығы үшін 6 миллиард теңге, ал Алматы облысы 4,8 миллиард теңге төлеуі тиіс. Елордада темір тұлпарына салық төлемей жүргендер аз емес. Мұндағы көлік иелерінің кірістер комитетіне 3 миллиард теңге берешегі бар.

Әлібек Әділов, ҚР Қаржы министрлігінің баспасөз хатшысы:

- Бүгінгі таңда Қазақстан бойынша көлік салығына берешегі бар азаматтар саны 1 миллионнан асады. Нақтырақ айтсақ, 1 миллион 110 адам. Борышкерлердің ең көп саны Алматы облысында. Одан кейін Алматы қаласында. Түркістан облысында және Шымкент қаласында. Ең азы Қостанай, Атырау және Солтүстік, Батыс Қазақстан облыстарында.