Қарағандыда вакциналау үшін жылжымалы егу пунктері ұйымдастырылды

Қарағандының орталық саябағында да екпе алуға болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жылжымалы автобустар демалыс және мереке күндері халық көп шоғырланатын жерлерге барып, жаппай вакцина салып жатыр. Осылайша, өткен үш күн ішінде облыс орталығы, Теміртау, Жезқазған және Балқаш қалаларындағы саябақтарда 300 адам вакцинаның бірінші компонентін алған. Мамандардың айтуынша, жастарға қарағанда ересек адамдардың белсенділігі жоғары. Алдағы күндері осындай 12 арнайы техника шалғай ауылдарға да барып, екпе жасамақ. Бұдан өзге қазір облыста 115 егу кабинеті ашылған.

Айта кету керек, бүгінгі күні өңірде вакцинаның бірінші дозасын алғандар саны 120 мың адамға жетті, ал оның 18 мың 463-і екінші екпесін алып үлгерген.

Қайыргелді Сәбитов, қала тұрғыны:

- Вакцина алдым, өзімді жақсы сезініп тұрмын. Ерікті түрде келіп, «Спутник V» вакцинасын алдым. Енді мынау халықтың 70%-і иммунитет қалыптастыру керек деп жатыр ғой. Елдің амандығы біздің де амандығымыз ғой. Соған бір үлес қосайық дедік. Ал былай ешқандай да бір ауру мазалап, ондай болған емес менде. Бүгін бірінші компонентін алдым.