Елек өзенін балықтандыру жұмыстары жүріп жатыр

Ақтөбенің Елек өзеніндегі балық қорын молайту үшін 92 мыңнан астам тұқы шабақтарын жіберді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар балықтандыру ісімен айналысатын шаруа қожалығының су тоғандарында өсірілген. Өзендердің биоалуантүрлілігін жақсарту аясында осындай экологиялық акциялар жыл сайын өткізіледі. Өткен жылы тоғандарға 200 мыңнан астам тұқы жіберілген болатын.

Береке Тоғаев, «Тобыл-Торғай» облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары:

- Осы Елек өзенінің учаскесі өте қолайлы. Себебі, бұл жерде судың тереңдігі жақсы. Сонымен қатар осы жерге Елек өзені және Қарғалы өзендері құйылады және қаланың ортасында орналасқанын ескере отырып, біздің қала тұрғындары балық аулайды және балықшылардың айтуы бойынша жылма-жыл балықтар жақсы түсуде.