429,33 519.25 5.73
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жаңақорған ауданындағы 43 мыңдай тұрғынға ауыз су кесте бойынша беріледі

  • 64
  • UPD: 22:18, 04.05.2021

Жаңақорғанның ауыз суға жаритын түрі көрінбейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мемлекеттік бағдарлама аясында 7 жылда 11 миллиард теңге жұмсалса да, ауылдардың жартысы әлі сусыз отыр. Жаңадан тартылған жүйелердің кемшін тұстары көп. Бас тоғандағы ұңғымалар бірінен соң бірі істен шығып жатыр. Сол себепті 43 мыңдай тұрғын суды белгілі бір уақытта ғана алуға мәжбүр.

Шалғай ауылдар түгілі аудан орталығында кесте бойынша су берілетін аумақтар бар. Тұрғындар шелек-қауғасын арқалап, құбырдан тіршілік нәрі тамшылағанын күтіп отыруға мәжбүр.

Мінуәр Қалғожаев, Жаңақорған кентінің тұрғыны:

- Жарты сағат ағады да, тоқтап қалады. Ішетін су қиындау, малға да су беру қиын болып жатыр. Құбыр жарылады, су тоқтап қалады, сондай жағдай.

Бегім Сабырханов, Жаңақорған кентінің тұрғыны:

- 70-80 жылдары құрылған жүйе мынаның барлығы. Тәулігіне 20-30 минуттай ағады. Жұмыстан қалып, барлығымыз сол суды алып қалуға жағдай жасайтынбыз. Уәде беріп жатыр енді 24 сағат су береміз деп. Оны да көреміз. Бірақ алдыңғы жағдайдан жақсы болатын шығар деп үміттеніп отырмыз.

Қаратау етегін ен жайлаған елді мекендерді сапалы сумен тұрақты түрде қамту үшін 2014 жылы Сырдария және Талап топтық су құбырының құрылысы басталды. Тәулігіне 9 мың текше/метр су шығаратын ұңғымалар арқылы 43 мыңдай тұрғын қоныстанған 27 ауылға ауыз су жетуі тиіс болатын.

Алдымен «Ақбұлақ» кейін «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы игерілген 11 миллиард теңгенің игілігін жаңақорғандықтар көре алмай отыр. Өткен жылы ғана іске қосылған Сырдария топтық су құбыры толық қуатына көше алмай, тәулігіне мың жарым текше/метр ғана су беріп тұр.

Қайрат Сапарбаев, аудандық ТҮКШ, Автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

- Қазылған 8 су ұңғымасының үшеуі істен шыққан. Ерекше маңызы бар ауыз су жүйелерінің тізбесіне енгізу мәселесі қарастырылмаған. Аудан тұрғындары ауыз суға ақысын толық тарифпен төлеуге мәжбүр. Сондықтан осы 2 мәселені тиісті министрлік, республикалық ведомство алдына қойғанбыз. Ол мәселе негізі түбегейлі шешімін тек Үкімет шешімімен табатыны ғана белгілі.

Талап топтық су құбырының биыл екінші желісі іске қосылады. Ол кезде бас тоғанға түсетін жүктеме мөлшері тағы ұлғая түседі. Гидроқұрылғы қалыпты жұмыс істеуі үшін қосымша су айдау қондырғыларын орнату қажет. Ал оған 11 миллиард теңгеден ақша артылмай қалған. Жергілікті билік пен салалық мекемелер «қаражат көздерін табу жағын қарастырып жатырмыз» дейді. Қорыта келгенде, сағатпен су беру кестесі әлі біраз уақыт сақтала беретін сыңайлы.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Айтмұхамбет Бәйділдаев

Хабар 24 телеарнасы