Көкпекті тұрғындарын тозығы жеткен жолдар әбден қажытты

Көкпектідегі жұртты жол қажытты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шығыс Қазақстандағы бұл ауданда бір ауылдан бір ауылға қатынау мұң. Жыл сайын тек қол тигізіп тегістеп, құм төге салатын жолдар күзге қарай қайтадан тоз-тозы шығады. Тілшілеріміз сол ауданға барып, осындай жолдардың азабын тартып қайтты.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Иә, жолдың жайын жүргеннен сұрау керек. Біздің көргеніміз көңіл көншітпеді. Көлігіміз бір емес, бірнеше рет сынды.

Халел Оразбаев Көкжайық ауылында тұрады. Қазір Үлгілі малшы ауылына қонаққа барып, қайтып келе жатқан беті. «Енді үйіме бір жетсем, көлігімді жөндеуге қоямын», - дейді ол.

Халел Оразбаев, Көкжайық ауылының тұрғыны:

- Ақырын келе жатырмыз, қатты жүре амайсың, 30-40. Одан артық жүре алмайсың мынадай тіпті біздің көлік те аласа асты, өте нашар жолдар, ходовойды жиі жөндейсің, шұңқыр ұстап алсаң жөндеу керек, басқа нәрселерін де ауыстыру керек.

Ал автобус жүргізушісі Салауат Жолаев тек көлігіне емес ,ондағы бір топ бала өмірі үшін алаңдайды. Бірнеше жылдан бері шағын ауылдардан мектепке бала тасып жүрген ол оқушыларды діттеген жеріне аман-есен жеткізгенше жанын шүберекке түйіп отырады екен.

Салауат Жолаев, Көкпекті ауданының тұрғыны:

- Жол жаман, жолды істемейді, шұңқыр-шұңқыр. Балаларды тасимын, балаларға қиын шаң ішінде. Бір кішкене жасап қояды, не асфальт салмайды.

Кездескендердің барлығы да осылай деп шағымдануда. Бірақ аудан ішіндегі жолдар «қанағаттанарлық» деп салды бізге сол жақтағы сала өкілдері. Қазір Үлкен Бөкен – Көкжайық – Үлгілі малшы бағытында жұмыс жүріп жатыр. Өйткені осы жол 7 бірдей елді мекенді аудан орталығымен байланыстырады.

Қайрат Жылқышев, Көкпекті ауданы ТҮКШ және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

- Осы жол бойында Қарағандыкөл ауылына апаратын жол бар ұзындығы 25 шақырым, осы жолдан кейін сол ауылға баратын жолды тегістеп, ағымдағы жөндеу жүргіземіз ол ауылға. Сонымен қатар Қараөткел ауылына кірер жол 30 шақырым, оған біз тегістеу жұмысын жүргіздік. Шұғылбай ауылына кіреберіс 15 шақырым жолда тегістеу жүргізіп жатырмыз.

Ағымдағы жөндеу деп айтып тұрғаны құм сеуіп, тегістеп шығу ғана. Сондықтан бұл «қолайлылық» көпке шыдамайды. Күзде жолдар қайтадан қаз қалпына түседі. Өйткені асфальт төсеп, сапалы жөндеу жүргізуге миллиардтаған қаражат керек. Аудан бюджеті оны көтермейді. Жалпы биыл облыс бойынша ауылдық жерлердегі 300 шақырымға жуық жол мен көше жөнделеді деп жоспарланыпты. Ол үшін 7 миллард теңгеге жуық қаражат жаратылмақ.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов

Сондай-ақ...