Кіші Байсерке ауылындағы балаларға арналған шағын орталық жабылып қалуы мүмкін

Алматы облысындағы бұл елді мекен тұрғындарының көбі атаулы әлеуметтік көмекке қарап отырған көп балалы ата-аналар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондықтан «мемлекеттік мекеме жабылса, жекеменшік балабақшаға баламызды апаруға шамамыз келмейді», деп қынжылады. 

Кіші Байсерке ауылында мемлекеттік балабақша жоқ. Бұл нысан бұған дейін бастауыш мектеп ғимараты болған. Бес жыл бұрын халықтың өтініші бойынша шағын орталыққа айналды. Ал, оқушылар жаңадан салынған мектепке ауыстырылған болатын. Орталық ауылдағы №40 мектептің қарамағында. Өткен аптада мектеп басшылығы ешкімге алдын ала ескертпестен орталықтың жабылатындығын айтып, балдырғандарды ауылдағы жекеменшік балабақшаға апаруды талап еткен.

Зафура Кувашева, ауыл тұрғыны:

- Ол адам ойына келгенін істейді ғой. Бізге кәдімгі Үкіметтікі керек. Қаншама ауылымыз өркендеп жатыр. Менің 1 балам емес 4 балам осы балабақшаға келеді. Мен қалтамнан 80 мың теңге төлеп бере алмайды екенмін.

Нәзира Немелтаева, ауыл тұрғыны:

- Мен көп балалы анамын. Маған осы балабақша ыңғайлы. Бұл жердегі ата-аналардың барлығы көп балалы. Бір үйде 2-3, тіпті 4 бала келеді. Мысалы, ертең бұл жер жабылса біз не істейміз? Жекеменшік балабақшаға қосты дейік ал. Ол ертең айтады, маған анау керек, мынау керек деп, ақшаны көтереді. Біз қайтеміз?

Бұл ғимарат 1960 жылдары салыныпты. 50 балаға арналған орталықта карантин талабы бойынша әзірге 30 бала екі топта тәрбиеленеді. 4 тәрбиеші жұмыс істейді. Мектеп директорының айтуынша, шағын орталықтың жабылуы уақыттың еншісіндегі мәселе. Ол жұмысын тоқтатса, барлық бала жекеменшік «Еңлік» балабақшасына ауыстырылатын көрінеді. Алайда, ай сайынға төлейтін ақшасы сол 8-9 мың теңге көлемінде қалады екен.

Жанар Мұхамадиева, Кіші Байсерке ауылы №40 мектептің директоры:

- Ол туралы сөйлескенбіз. Тәрбиеші және екі көмекшісі балабақша иесі сол жерге жұмысқа аламыз деді. Қалған жұмысшылардың барлығы мектеп тарапында қалады.

Десе де, шағын орталықтың жұмысын тоқтату мектеп құзырындағы мәселе емес. Оны Талғар ауданының әкімімдігі шешеді. Аудандық білім бөлімінің мәлімітеніше, Кіші Байсеркедегі шағын орталық жақын арада жабылмайды. Ал, мекемені жабу үшін негіз болу керек. Егер ғимарат апатты деп танылса, балалардың жекеменшік балабақшаға баруларына тура келеді. Қазіргі уақытта Талғар аудандық білім бөлімі тапарынан Құрылысты бақылау басқармасына нысанға техникалық сараптама тағайындау жөнінде өтініш жіберілген.

Авторлары: Алмас Садуақас, Эдуард Кон