Атырау облысындағы Ойыл өзені жойылып кетудің алдында тұр

Кезінде өткел бермейтін өзен суы соңғы 3 жылда мүлде азайып кеткен.

Қазір малды өңірдегі шаруашылық өрге баспай отыр. Ал табиғат қорғаушылар бұл келеңсіздіктің қолдан жасалғанын айтады.

Қызылқоға ауданындағы 300-ден астам шаруа қожалығының кәсібі Ойыл өзеніне байланған. Соңғы 3 жылда өзен суы тасымай, шаруалар қиындық көріп отыр. Қар суынан қайыр жоқ. Жаз жетпей жоқ болады. Су келмегеннен кейін шабындықтан да күй кеткен. Қысқы мал азығын дайындау әбден әбігерге салады.

Мұрат Қабдығалиев, шаруа қожалығының жетекшісі:

– Судың бойындамыз, мал бағамыз. Жағдайымыз қиындау, су жоқ. Мынау тек қардың суы. Осы жерде 9 шүңейт бар. Жазда ол да бітеді. Малға қиын. Құдық жоқ. Шүңейттен суарамыз мотормен. Жайылым қиындау. Донбайға қарай жаямыз. Арғы жағы Ақтөбенікі. Кіргізбейді.

Табиғат қорғаушылардың сөзінше, бұл қиындық қолдан жасалып отыр. Ойыл өзеніне құятын сағаларда салынған бөгеттің кесірінен су өзенге жетпей қалатын көрінеді. Жақында ұйымдастырылған экспедиция Ойыл өзені мен оған құятын сағалардың бойынан 30-ға жуық бөгетті анықтаған.

Марат Жалдекенов, табиғат қорғаушы:

– Біз нақты әуеден түсірдік, жерден тұрып фото-видеоға түсіріп алдық. Бөгеттердің жағдайын көрсетіп. Енді сол материалдар негізінде мемлекеттік органдар әрекет етеді деген үміттемін. Біз барлық бөгеттерді тізімдеп, координаттарын көрсетіп, видеоматериал дайындап қойдық. Оны қалың көршілікке жариялаймыз. Сондан кейін мемлекеттік органдардың әрекетін күтетін боламыз.

Ойыл өзеніне бұған дейін де экспедиция ұйымдастырылыпты. Онда да бөгеттердің бары анықталған. Құзырлы органдарға хат жолданғанымен, еш нәтиже байқалмайды.

Әділет Шаймарданов, Қызылқоға аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі:

– Ойылдың жәй-күйі өздеріңіз көріп тұрғандай. Соңғы екі жылда су тасымай, күрделі ахуал қалыптасып отыр. 2020 жылы екі мәрте Ойыл және Қиыл өзендерінің бастауына экспедиция ұйымдастырды. Экспедиция барысында анықталған олқылықтар облыстық тиісті органдарға шешу үшін ұсыныс жолданды. Шешу жолдары қарастырылуда. Бұған енді кең көлемде ғалымдарды тарту арқылы шешу қарастыру қажет.

Осыдан 28 жыл бұрын арнасына сыймай тасып, түгел ауылды шайып кеткен Ойыл өзенінің бүгінгі күйі осындай. Өзен бойындағы сегіз ауылдық округтің тұрғындары мал бағудың өзі машақатқа айналды дейді.

Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин