Петропавлдықтар саз-балшықтан көз ашпай отыр

Әсіресе, қаланың шеткі аудандары ми батпаққа айналады.

Арнамызға Перминовых көшесінің тұрғындары хабарласып, көмек сұрады. Олар жергіліктің әкімдіктің 2017 жылдан бері келе жатқан уәдесінен шаршаған.

80 жастағы Нина Иванова үйінен екі аяқ киіммен шығады. Біреуін сазда, ал екіншісін құрғақта ауыстырып киеді. Онсыз болмайды. Көшесі ми батпақ. 

Жақында бұл көшеде бір адам сүрініп құлап, аяғын сындырды. Шақыртуға келген жедел жәрдем көлігі өте алмады.

Светлана Выродова, қала тұрғыны:

- Күйеуімді жедел жәрдемге екі балам көтеріп апарды. Олар болмаса, не істейтін едім? Жол жаман. Жүргізуші өте алмаймын деді.

Бұл көшенің көктемде көретін күні осы. Тұрғындар қалалық әкімдікке талай рет өтініш жазған. Бірақ көрер көз, естір құлақ табылмапты. 

Елена Слесарева, қала тұрғыны:

- Әкімдікке 2017 жылы өтініш бердік. 2018, 2019 жылы тағы да жаздық. Болмаған соң, былтыр қала әкімінің есептік кездесуіне бардым. Ол көктемде істейміз деді. Ешкім келген жоқ.

2017 жылы Перминовых көшесіне балшықтан дамба салынды. Содан бері еріген қар суы әрі ақпай, осында көлкіп тұрады.  

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Бұл көшені көше деп айтуға ауыз бармайды. Олай дейтініміз, не жолы жоқ, не жарығы жоқ. Қала шетіндегі 8 үй өркениеттен қалып қойғандай.

Әкімдік қызметкерлері тобықтан саз кешетін көшені біледі. Биыл міндетті түрде жөнделеді деп сендірді тағы.

Әсем Айтолла, қалалық ТҮКШ бөлімінің баспасөз хатшысы:

- Сәуір айының ортасында Перминовых көшесіне біздің мамандар барып тексерген болатын, ол көше биылғы жылғы кезекте тұр. Топырақ кепкеннен кейін, қиыршық тас төсеу жұмыстары жасалады.

Былтыр Петропавлдағы шеткі 90 көшеге қиыршық тас төселді. Биыл соның 20-сы езіліп кетіп, мердігер ұйымдар қайтадан істеп жатыр.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев