Елордада төртқабатты үйдің шатыры мен іргетасы құлағалы тұр

 

Елордалық тұрғындар апатты деп танылған төртқабатты үйдің төбесін жөндей алмай әлек.

Аудандық әкімдік тиісті қаржы бөлуге ниетті, алайда төтенше жағдайлар департаментімен өзара келісімге келе алмай отыр. Ал тұрғындар шатырды жөндемек түгілі, үстіне шығуға жүрексінеді. Өйткені, басып қалу қаупі бар.

Күләш Байсейітова көшесіндегі мынау үйдің тұрғындары ұйқыдан қалған. Үш жыл бұрын қатты жел ұшырып, бүлінген шатырдың тесіктерінен жел улеп тұр. Тесіктен аққан су мазаны тағы қашырады. Ағаш тіреулері де әбден шіріген. Шатыры да үгітіліп жатыр. Мұржалары жарым жартылай бұзылған. Төтенше жағдай қызметі шатырды әлдеқашан апатты деп таныған екен.

Алмагүл Жандарбекова, қала тұрғыны:

- Міне, мына жақтан осылай ағып жатыр. Көрсеттім, шатырдың жартысы жоқ. Жаңбыр жауғанда су толып кетеді.

Үлдір жауып амалдағанмен, қар мен су төбеден бәрібір өтіп кетеді. Қазір тұрғындар жабу жаппақ түгілі, шатырға шығуға қауіптенеді. Төбенің астында қалуы әбден мүмкін.   

Әсияқан Әбжанова, қала тұрғыны:

- Сарыарқа ауданының әкімге барғанбыз. Әкім уәде бергенмен, жасалған жоқ.

Бума қағазды құшақтап тұрғындар әкімдік пен төтенше жағдайлар департаментінің табалдырығын талай тоздырған. Бірақ бұдан еш нәтиже жоқ. Екі мекеме бір-біріне сілтейді. Шатыр деп жүргенде, үйдің іргетасы тозып барады. 

Хәкімбек Қазбайұлы, қала тұрғыны:

– Міне, қабырғасы шөгіп барады. Блоктардың арасы қақырап жатыр. Арасын өзіміз бітедік. Әйтпесе, көгершіндер кіріп кететін. Мына үй шөгіп барады, бір күні алтыншы кіреберісі опырылып түсетін сияқты. Сол кезде қара жамылатын түріміз бар.

105-үйге іргелес, 103-үйдің де жағдайы мәз емес. Іргесі сөгіліп, жабын плитасы ілініп-салынып, құлауға шақ тұр. Мүжілген жабындының арасын тұрғындар өз күшімен бітеген болады.

Әзімбай Шалқаров, қала тұрғыны:

- Тұрғындар өздері жасады. Мен арғы жағын тіктім. Доптың орнындай тесік. Екі балам, екі немерем пневмониямен ауырып қалды.

105-үйдің шатыры бойынша Сарыарқа аудандық әкімдігі төтенше жағдайлар департаментімен ортақ мәмілеге келе алмай отыр. Бұны билік өкілі ашық мойындады. Департамент әкімдіктен төтенше жағдайды белгілейтін құжат пен оған тиісті қаржының бөлу ережесі туралы қағаз сұратқан.

Андрей Марченко, Сарыарқа ауданы әкімі аппаратының бөлім жетекшісі:

- Бұл құжаттарды біз қаржы басқармасына тапсырамыз. Мәселе осыда. Бұл құжаттарды төтенше жағдайлар қызметіне бере алмаймыз. Беруге міндетті емеспіз. Бұл жерде техникалық қорытындыға сүйеніп, төтенше жағдайлар департаменті шатырды бүлдірген апатты жағдайды белгілі бір санатқа жатқызуға тиіс. 

Сөйтіп шатыр мәселесі арадағы құжаттамаға байланысты әзір шешілмейтін сыңайлы. Ал тозығы жеткен қос үйдің өзге тесіктерін жамау тұрғындардың өз мойнындағы шаруа. Адам өміріне қауіпті екенін дәлелдеп, тұрғын үй инспекциясы арнайы шешім шығарса ғана бұл мәселе қолға алынуы мүмкін. 

Бақыт Топтаева, Нұрғали Мамурбаев