Коронавирус: елордада соңғы 12 күнде сырқаттанушылық көрсеткіші төмендеді

Елордада жыл басынан бері коронавирус жұқтырғандар саны 28 мыңнан асты.

Нұр-Сұлтанда CОVІD-19 ауруы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз болып отыр. Бұл туралы онлайн-брифингте елорданың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова мәлім етті, деп хабарлады қала әкімдігінің ресми сайты.

Елорда эпидемиологиялық жағдайды бағалау бойынша екі айдан бері «қызыл» аймақта орналасқан. Қалада күніне 250-ден 450-ге дейін коронавирус жағдайы тіркеледі.

«Жыл басынан бері қалада індет жұқтырғандар саны 28 мыңнан асты, ал пандемия басталғаннан бері 47 мыңнан астам жағдай тіркелді. Оның ішінде 32 мыңға жуығы – симптоматикалық және 15 мыңнан астамы – асимптоматикалық. Соңғы 12 күнде қалада сырқаттанушылық көрсеткіші 313,03-тен 258,75-ке дейін төмендеді. Бір апта ішінде COVID-19-дың 3075 оқиғасы тіркелді, бұл алдыңғы аптадан 8,5%-ға төмен», - деді қаланың бас санитарлық дәрігері.

Сархат Бейсенованың мәліметінше, бүгінде қалада инфекцияның 2 197 ошағы бар. Ал байланыста болған бес мыңнан астам адам медициналық бақылауда тұр.

КВИ-мен сырқаттанушылықтың ең жоғары деңгейі ересектер арасында – 78,7%, балалар – 18,3%, жасөспірімдер 3% құрайды.