Оралда шығарылған әскери кеме шекара қызметіне тапсырылды

Оралдағы зауытта кезекті әскери кеме құрастырылды. Бұл су көлігін жағалау күзеті пайдаланады. Кеме бүгін шекара қызметіне тапсырылды.

Ақ Жайық өңірі еліміз бойынша кеме құрастырылатын жалғыз аймақ. Сондықтан әрбір су көлігін суға түсіру сәтін батыс қазақстандықтар асыға күтеді. Бұл жолы да салтанатты шара өтті. Кемені құрастыруға 2 жылға жуық уақыт кеткен. Әскери техниканың әлеуеті зор.  

Вячеслав Валиев, Кеме құрастыру зауытының бас директоры:

- Бұл су көлігіне 3 қозғалтқыш жабдығы орнатылған. Әрқайсысының қауқары 1900 килоВатты құрайды. Кеме тез маневр жасауға ыңғайлы. Каютасында экипаж мүшелеріне қолайлы жағдай қарастырылған. 

Шаған өзеніне түсірілген кеме сәтті қозғалды. Жергілікті зауыттан шыққан әрбір су көлігіне дәстүрге сай атау беріледі. Кезекті техника «Түркістан» деп аталды. Жаңа әскери кемені Каспий теңізіндегі шекара сақшылары қолданады.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Бұл «Зенит» зауытында шекара қызметіне арналып құрастырылған 27-кеме. Ұзындығы 27 метр, ал ені 6 метр. Өзге су көліктерінен басты айырмашылығы – бұл кеменің жылдамдығы өте жоғары. 

Сабыр Хасанов, ҰҚК Шекара күзеті департаменті бастығының орынбасары:

- Браконьерлерге не болмаса заң бұзушыларға, соған байланысты тапсырмаларды орындайды ол. Корабльдің экипажы бізде 16 адам. (Кеме) 70 тонналық.

Кеме командирі бұрынғы техниканың кейбірі ескіріп, тиісті талаптарға сәйкес келмей қалатынын айтты. «Сондықтан дәл осындай жаңа су көліктері кемшіліктерді жоюға мүмкіндік береді» дейді ол. 

Ербол Мүсірепов, «Түркістан» шекара кемесінің командирі:

- Бұл қазіргі жаңа жобалы кемелердің бірі. Бұрынғы ескі «Бүркіт» жобалы кемелерді осы «Айбар» жобалы кемелер ауыстырып отыр. Навигациялық және байланыс құралдары заманауи талаптарға сай. 

Жергілікті зауытта қазір Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тапсырысы негізінде тағы 2 катер құрастырылып жатыр. Өндіріс орыны директорының айтуынша, су көліктері бір айдан соң қолданысқа беріледі. 

Еркебұлан Смадияров, Руслан Ғазезов, Қанат Махмұтов