ШҚО: Рулиха ауылында судың тарифы қымбат

Шығыс Қазақстан облысындағы Рулиха ауылында 800-ден астам адам тұрады. 2017 жылы жаңадан су құбыры тартыла бастағанда жұрт қуанған. Алайда жобалық-сметалық құжатта кемшіліктер болуына байланысты қайта жасалып, іс созбалаңға түсті. Былтыр жыл соңында нысан іске қосылыпты. Алайда тіршілік нәрінің бағасы қымбат деп налиды тұрғындар. Ал жергілікті әкімдік алдағы айлардың ішінде бұл мәселе оң шешімін табады деп сендіріп отыр.

Рулиха ауылындағы орта мектептің оқушылары мәз-мейрам. Ауылға жаңа су құбыры тартылғалы оның қызығын білім ордасы да көріп отыр. Бұрын есік алдындағы ағаштарды суарудың өзі мұң болатын.

Елена Нестеренко, Рулиха орта мектебі директорының орынбасары:

- Біздің мектеп биіктеу жерде орналасқандықтан су көтерілмей қалатын. Әсіресе оқушылар үшін әжетхана мәселесі қиын еді. Енді міне түйткілдің түйіні тарқап отыр.

Николай Хоруженко  ауылдың таулы тұсында тұрады. Шағын шаруашылығы бар. Мал ұстайды. Бұрын тіршілік нәріне жарымай қиналып отыратын еді.

Николай Хоруженко, ауыл тұрғыны:

- Құбырлар өткен ғасырда салынғандықтан әбден тозығы жетіп, жиі жарылатын. Ал тау жақтағы көшелерге су тіпті көтерілмейтін. Енді міне жаңа су жүйесі пластиктен жасалды. Қысым да реттелді. Бұған дән ризамыз. Алайда судың бағасы қымбаттырақ болып тұр, текше метріне 300 теңгенің айналасында төлеп отырмыз. «Арзандайды» деп айтып жатыр.

Ал жергілікті атқарушы билік өкілдері мердігер компания жобалық сметалық құжаттардағы олқылықтарға байланысты жұмысты 2 жылға кешіктіріп аяқтағанын айтады.

Бақытжан Молдаханов, Шемонаиха ауданы әкімінің орынбасары:

- Жұмысты бастаған кезде көптеген тау-тасты қазу керек болды, жару жұмыстарын жүргізу керек болды. Су құбыры жоба бойынша салынатын жерді ауыстыру керек болды. Сондай жұмысты атқарып, жобалық-сметалық құжаттарға түзетулер жүргіздік, келісімдер жасадық және бәрін іске келтірдік. Ақшаның бөлінуі екінші сұрақ болды, толығымен бөлінген жоқ болатын. Барлығы 484 миллион теңге қаражат жұмсалды құрылысқа, сол 3 жылға сатылы-сатылы бөлініп, соған байланысты 3 жылға ұзартылды.

Жұмыс кешіктірілгендіктен құжаттар рәсімдеп, тарифті субсидиялау да енді қолға алынып жатыр. Дегенмен, атқамінерлер алдағы 2 айдың ішінде бұл мәселе түпкілікті шешілетінін айтады.

Бақытжан Молдаханов, Шемонаиха ауданы әкімінің орынбасары:

- Мемлекеттік кәсіпорынымыз бар, Шемонаиха су арнасы, соның теңгеріміне қойылады. Сонан кейін бұл тарифке өтініш беріледі. Тарифке өтініш берілгеннен кейін, бәрі келісім алғаннан кейін мемлекеттік субсидияға кіргізілетін болады Рулиха ауылы. Сол кезде 1 текше метр судың бағасы анағұрлым арзан болады.

Ауданда бір қала, 34 ауыл бар. Онда 40 мыңнан астам халық тұрады. Таза ауыз сумен қамту көрсеткіші қазір 97 процент. Алдағы жылдары тіршілік нәрімен барлық елді мекендер қамтылады деген жоспар бар.

Авторлар: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов