Сырдария өзеніндегі су деңгейі жылдағыдан 30%-ке азайып кетті

Су арнасының Түркістан мен Қызылорда облыстары аумағындағы бөлігінде өзеннің табаны көрініп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді шаруалар еңбегіміз зая кете ме деп алаңдап отыр. Сыр суының күрт төмендеуіне не себеп? Оған Өзбекстанның қаншалықты қатысы бар? Ағын судың жетіспеушілігі өңірдегі ауыл шаруашылығымен айналысатын шаруаларға қалай әсер етеді?

Жандос Жұмабек, тілші:

- Қызылорда қаласының маңындағы мына шаруашылық 7-ші жылдан бері егін шаруашылығымен айналысады. Негізінен күріш пен мал азығы дақылдарын егеді. Өткен жылы мың гектарға күріш еккенімен, биыл су тапшылығына байланысты егіс көлемін 160 гектарға дейін азайтқан.

Айдархан Қойшыбаев, шаруа қожалығының бас агрономы:

- Судың аз болуына байланысты биыл 250 гектарға жоңыршқа дақылын арпамен, сұлымен бүркемелеп, аздаған мақсары дақылын ектік. Су шықпайды деген былтырғы күріш егілген алқапқа біз арпа, бидай, әртараптандыру дақылын ектік.

Қамбаш көлі бір жылдың ішінде жағалаудан 250-300 метрге дейін қашықтап кеткен. Бұл аймақтағы онсыз да мәз емес экологиялық ахуалды одан әрі ушықтырды. Сондықтан мамандар: «Аралды қайта толтыра алмасақ та, теңіз маңындағы шағын көлдерді сақтап қалуымыз керек», дейді. Су тапшылығы проблемасы жылдан жылға күрделене түсті. Шаруаларға да алдын ала ескертіліп жатыр. Сондықтан диқандар ағын суды аз қажет ететін дақылдарды егуге мәжбүр. Былтыр аймақта 90 мың гектарға егіс егілсе, биыл бұл көрсеткіш 5 мыңға қысқартылды. Басты себеп – ағын су тапшылығы.

Сейілбек Нұрымбетов, «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясының басшысы:

- Қазіргі уақытта Қызылорда облысына Сырдария өзені арқылы 400 текше метр су келіп жатыр. Бүгіннен бастап соны 500 текше метрге көтеру жөнінде ұсыныс бердік. Себебі Қызылорда, Түркістан облыстарында егін егу жұмыстары басталды. Соған байланысты Сырдан келетін суды реттеп, тиісті ұсыныстарды беріп отырамыз.

Экологтардың айтуынша, өткен ғасырдың 60-жылдары Сыр өңірінде 3 мыңнан астам көл болған. Қазір тек 200-дей ғана қалыпты. Соңғы жылдардың өзінде 17 көлдің аңқасы кеуіп, шөлге айналған. Мамандар ағын су тапшылығына жауын-шашынның аздығынан бөлек, судың басында отырғандардың да қатысы бар екенін айтады. «Сондықтан су баста келісілгендей әділ бөліну керек», - дейді.

Сайлаубай Жұбатыров, эколог-жазушы:

- Су саясаты бәрі мемлекетаралық мәселенің шешуіміен ғана жүзеге асатын нәрсе. Мониторинг жүргізіп отырғаннан кейін жоғарыдағының, төмендегінің үлесі су көп жылы көп болады, су аз жылы аз болады, оған ешкімнің дауы жоқ. Бірақ таза тек ғылыми мониторингпен жүргізіліп отыратын заңдылық, тор керек бізге.

Жалпы «Арал-Сырдария» бассейндік кеңесінің шешіміне сәйкес, Түркістан облысының ағын су шегі (лимит) 2 млрд 100 млн текше метр, ал Қызылорда облысынікі 4 млрд 300 млн текше метр. Екеуін қосқанда 6 млрд 400 млн текше метр болады. Алайда қазіргі таңда Сырдария өзені арқылы секундына 20 текше метр ағын су келіп жатыр. «Бұл шекті мөлшерден өте аз», - дейді мамандар. Былтыр бұл уақытта 500 текше метр су келген. Мамандар биылғы ағын су тапшылығын Тоқтоғұл су қоймасының өзінде су деңгейінің 30%-ке кемігендігімен байланыстырады. Яғни, 2020 жылы Тоқтоғұл су қоймасында 11 млрд текше метр су болса, биыл бар-жоғы 8 млрд текше метр ғана су жиналған. Сондықтан жергілікті мамандар қыс бойы артық суды Түркістан облысындағы Шардара мен Көксарай су қоймасына жинағандарын айтады.

Нұрбек Бадырақов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Бүгінгі таңда Шардара су қоймасында 4 млрд 700 млн текше метр ағын су жиналып тұр. Ал Көксарай су қоймасында 1 млрд 700 млн текше метр, жалпы 6,5 млрд текше метр су бар. Қазіргі таңда Шардарадан секундына 350 текше метр су босатылып жатыр. Оның 50 текше метрі Қызылқұм магистральді каналы арқылы Шардара, Арыс қаласының агроқұрылымдарын ағын сумен қамтамасыз етуде. Қалған 250 текше метрі Сырдария өзеніне құйылуда. Оған қосымша Көксарайдан 300 текше метр су босатылып, Қызылорда облысына 550 текше метр су жіберілуде. Бұл Қызылорда мен ТО аудандарын ағын сумен қамтуға жеткілікті.

Сырдария өзеніндегі ағын суды мемлекеттер арасындағы келісімге сәйкес тиімді пайдалану үшін 11 мамырда мемлекетаралық комиссияның онлайн отырысы өтеді. Мамандардың айтуынша, сол жиында Сырдария өзеніндегі суды пайдаланудың шекті мөлшері бекітіледі. Ол әр мемлекеттің егістігінің көлеміне қарай тең дәрежеде бөлінетін болады.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы