Сырдариядағы судың тапшылығына ауа райының да қатысы бар – экологтар

Сырдариядағы судың тапшылығына мамандар ауа райының да қатысы бар екенін айтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жауын-шашын кеміді. Сонымен қатар бассейіннің жоғары жағында орналасқан елдердің тауларындағы қар қорының аз болуы да жағдайды ушықтырды. Жалпы Сырдария өзеніндегі суды пайдалану бойынша 5 мемлекет арасында өзара келісім бар. Жыл сайын Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан және Тәжікстан елдері жиын өткізіп, қыс және жаз айларында кімге қанша мөлшерде су қажеттігін белгілейді. «Қазақстан қыстағы лимитін толық алды», - дейді еліміздің Экология министрлігінің өкілдері. Енді жаз айындағы қажетті мөлшер алдағы отырыста бекітілмек. Дегенмен, биыл жауынның аздығына байланысты су тапшылығы болып, диқандар біраз қиналайын деп тұр.

Мереке Иманғалиев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілі:

- Осы алдағы суару науқанына жергілікті «Қазгидрометтің» болжамы бойынша 79%-ті нормадан құрайтын болып тұр. Сондықтан менің айтуымша, біз су тұтынушыларына: Қазақстан Республикасы болсын, Өзбекстан Республикасы болсын суды үнемді, ұтымды пайдалану қажет. Біз өз шетімізден Сырдария бассейндік су шаруашылығы бірлестігі атынан суды су тұтынушыларына уақытылы және керекті мөлшерде жеткізуге тырысамыз.